Жаңалықтар

Министрлік жаңа оқулықтардың жобасын қоғамдық талқылауға шығарды

2025-2026 оқу жылында енгізілетін оқулықтар талқылауға шығарылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025-2026 оқу жылында қолданысқа енгізілетін жаңа оқулықтардың жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрлік талқылауға мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын барлық азамат қатыса алатынын айтады. Ол үшін Білім мазмұнын сараптау орталығының сайтындағы «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөліміне өтеді.

«Сайтта келесі пәндер бойынша оқулықтардың мазмұнымен танысуға болады: «Орыс тілі» (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін); «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», Шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), сондай-ақ «Цифрлық сауаттылық» бойынша электронды оқулық нұсқалары. Барлық келіп түскен сын-ескертпе, оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты ұсыныстар сараптама барысында ескеріледі. Талқылау биылғы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады»-делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, заңнама бойынша оқулықтар сараптаманың бес кезеңінен өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, қоғамдық-педагогикалық талқылау, сосын пәндік сарапталық комиссиясы қарайды. Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірлерінде 31 пилоттық мектепте сынақтан өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде 7-сыныптың география оқулығындағы әлем картасына қатысты дау туған еді. Желіде таралып кеткен видеода Қазақстан аумағының әлем картасында дұрыс көрсетілмегені айтылған. 

Бұл жағдайға Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жауап берген.

«Бұл оқулық 2017 жылдан бастап білім беру бағдарламасына енгізілген. Әлемнің тарихи-мәдени аудандарын аймақтандырудың көптеген түрлі тәсілдері мен классификациялары бар. Оқулықтағы «Әлемнің тарихи-мәдени аудандары» атты карта-схемасында қате жоқ. Карта-схема В.В. Вольскийдің классификациясына негізделген, онда Орталық Азия жеке аймақ ретінде бөлінбейді. Бұл қазіргі заманғы саяси немесе экономикалық шекаралары нақты көрсетілген Еуразия материгінің картасы емес, ежелгі дәуірден бері қалыптасып, өзгеріп келген әлемнің тарихи-мәдени аудандарының карта-схемасы», – делінген ресми жауабында.