Жаңалықтар

Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі қашан ұлғаяды – Сауда министрі жауап берді

Еуразиялық экономикалық одақ
Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі артуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі артуы мүмкін. Бұл жайлы Сенат кулуарында өткен брифинг кезінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

Журналистер геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты Ресейдің ЕАЭО бойынша кедендік баж алымынан түсетін пайда үлесі төмендеуі керек екенін айтты. Соғыс басталғалы Ресейдің сыртқы экономикалық айналымы құлдырап кетті. Сонымен бірге қазіргі таңда логистикалық бағыттар мен сауда тізбектері де өзгерген. Сәйкесінше Ресейдің кедендік түсімнен алатын үлесі азаюы керек.

«Қазір Ресейдің үлесі 85%-дан асады. Соғыс басталды, санкциялар қосылды. Осыған орай сауда тізбегі өзгерді. Енді заңды негізде Қазақстанның кедендік түсімнен алатын үлесі артуы керек қой. Осыған орай Қазақстан үлесін арттыру көзделген бе?», – деп сұрады журналист.

Арман Шаққалиев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік алымынан түсетін пайдасын арттыру мәселесі қазіргі уақытта министрлік қабырғасында талқыланып жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, осыған орай қарашада арнайы кездесу өткізу жоспарланған.

«Сіз дұрыс айттыңыз. Ахуал өзгерді. Баждан түсетін салық пропорцияларын өзгерту керек. Қазақстанның үлесін өзгерту үшін жаңа методология әзірлеп жатырмыз. Бұл мәселені қараша айында қарастырамыз. Жағдайдың өзгергеніне байланысты Қазақстанның үлесі артуы керек», – деді министр.

Шаққалиев Қазақстан үлесі қаншалықты артатынын нақтыламады. Барлығы есептеліп, методология дайын болғанда ғана нақты пропорциясы белгіленетінін жеткізді.

Айта кетейік Еуразиялық экономикалық Одақ туралы шарттың 26-бабына сәйкес, төленген кедендік әкелу баждары бірінші одақ бюджетіне түсіп, кейін мүше мемлекеттер арасында бөлінеді.

Кедендік әкелу баждарының сомасын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару осы шарт негізінде жүзеге асырылады.

Шартқа сәйкес әр мемлекеттің үлесі келесідей бөлінген:

  •       Армения Республикасы – 1,220%;
  •       Беларусь Республикасы – 4,860%;
  •       Қазақстан Республикасы – 6,955%;
  •       Қырғыз Республикасы – 1,900%;
  •       Ресей Федерациясы – 85,065%.