Үкімет қантты Қазақстанға автокөлікпен әкелуге тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл тыйымның қант бағасына қалай әсер ететіні туралы журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен сұрады.
«Қазақстанның қант өндірушілері Ресейден келетін қант импортына тыйым салуды талап етіп жатыр. Бәрімізге белгілі, Қазақстанда 4 зауыт қана бар. Оның біреуі жұмыс істемей тұр. Ал Ресейде 65 зауыт бар. Осы орайда, отандық өндірушілер қанттың Ресейден нарықтық құнынан төмен бағада жеткізілетінін айтады. АШМ қантты көлікпен әкелуге тыйым салу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай»,- деп сұрады журналистер Сенат кулуарында.
Арман Шаққалиев АШМ тарапынан мұндай мәселе көтерілгенін, оны ведомствоаралық комиссия қарастырып жатқанын айтты. Бірақ тыйым салмай тұрып, екі ел арасындағы арнайы келісім мәселесін реттеу көзделіп отыр. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасында қант жеткізуге қатысты аранайы келісім бар.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан мен Ресей арасында қант жеткізу жөнінде арнайы келісім бар. Екі елдің жауапты ведомстволары осы келісімнің ашықтығы мен толық орындалуын қамтамасыз ету тетіктерін талқылап жатыр. Негізінде Ресей тарапы Қазақстанның қантты автокөлікпен әкелуге тыйым салуын қолдайды. Өйткені Ресейде өнімнің Қазақстанға қандай зауыттардан жеткізіліп жатқанын мониторингілеу мәселесінде қиындықтар бар. Сол үшін екі ел қауымдастықтары осы мәселені зерделеп, бір шешімге келуі керек»,- деді ол.
Солайша екі елдің сарапшылары бір шешім шығарған соң ғана, үкімет тыйым салу мәселесін қарастырады. Осы орайда журналистер тыйым салынса, бұл шешімнің елдегі қант бағасына қалай әсер ететіні туралы сұрады. Министр тек автокөлікпен әкелуге тыйым салу мәселесі қаралып жатқандықтан, қант бағасы қымбаттай қоймайтынын жеткізді. Өйткені бұл өнім ірі көлемде теміржол арқылы жеткізледі.
«Жазғы маусымда әдетте қант бағасы көтерілетін. Бірақ осы жылы қант бағасы керісінше түсті. Өнім бағасы тұрақтанды. Сондықтан баға көтеріледі деген қауіп жоқ»,- деді министр.
Еске сала кетсек, министр кеше, 4 қыркүйек күні Қазақстанның импорт көлемін азайтып, қант өндірісін 70-80%-ға ұлғайтуды көздеп отырғанын айтты.
Елде қанттың 40%-ы өндіріледі. Ал қалған 60%-ы cырттан әкелінеді. Сонымен бірге Шаққалиев елде зауыт салу мәселесі қарастырылып жатқанын, сол үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтткен болатын.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл мен Павлодар облыстарында қосымша 2 зауыт салу жобасы талқыланып жатқанын хабарлады.