Жаңалықтар

Қазақстан астық экспорты бағыттарынан біртіндеп айырылып жатыр: депутат бидайды терең өңдеу саласын дамытуды ұсынды

бидай бағасы
Депутат Қазақстанның астық экспорттаушы ел ретіндегі статусын сақтап қалу үшін балама бағыттар қарастыруды ұсынды / Фото: kursiv.media

Қазақстан астық экспорттаушы ел ретіндегі статусынан болашақта айырылып қалуы мүмкін. Оған себеп, соңғы жылдары Қазақстанның экспорттық бағыты азайып кеткен. Мәселен, соңғы 10 жылда Қазақстан 19 экспорттық бағытын жоғалтқан. Осы мәселеге қатысты Сенат депутаты Арман Өтеғұлов Үкіметке сауал жолдады.

Сенатордың айтуынша, 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы тауар айналымы – 11,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға төмен. Сонымен бірге өткен жылы дәнді және бұршақты дақылдар 17,4 млн гектар жерге егілген. Алайда егіс алқабы көбейгенімен, өнім көлемі 4,9 млн тоннаға аз болған.

«Биыл көктемгі дала жұмыстарына бөлінген қаражат екі есе артты. Күзде 17 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Оған қосымша былтырғы жиналған астықтың 4,5 млн тоннасы қоймада сақтаулы. Еліміздің астықты тұтыну көлемі 12,6 млн тонна екенін ескерсек, биылғы жылғы өнімді қосқанда, қоймада 9 млн тоннаға жуық астық қалмақшы. Бұл – диқандар үшін үлкен проблема. Жылдар бойы қалыптасқан астық экспорттау саясаты тиімсіз екенін көрсетті. Нәтижесінде Қазақстан әлемдік нарықта өзінің экспорттық орнын жоғалтып отыр», – дейді депутат.

Өтеғұлов Қазақстанның осыған дейін майлы және дәнді дақылдарды 63 елге экспорттап келгенін айтады. Ал соңғы 10 жылда экспорттық бағыт 44 елге дейін төмендеген. Мәселен, 2018 жылы шетелдерге 10 млн тоннадан астам өсімдік шаруашылығының өнімі экспортталған болса, бүгінгі күні бұл көлем 4 млн тоннаны құрайды. Экспорт көлемі айтарлықтай төмендеген.

Депутат астықты экспорттауға қатысты проблемалармен қоса, сырттан келетін астық импорты да елдің астық нарығындағы әлеуетіне теріс әсер ететінін айтады. Сенатор келтірген мәліметтерге сенсек, 2022 жылы Ресей Федерациясынан елімізге 1,8 млн тонна, 2023 жылы 2,3 млн тонна астық импортталған.

«Ал биылғы жылы отандық өнімді қолдау мақсатында импортқа қойылған шектеулерге қарамастан, 1,3 млн тонна бидай елімізге кірген. Соңғы жылдары осы ресейлік бидайдың импортынан Қазақстанның Орта Азия елдеріне астық экспорты айтарлықтай қысқарды», – дейді депутат.

Осы орайда сенатор елде бидайды терең өңдеу саласын дамтыуға ден қоюды ұсынады. Мәселен, Өзбекстан ұн экспорты бойынша Орта Азиядағы көшбасшы елге айналған. Көрші ел жыл сайын Қазақстаннан 1 млн тоннаға дейін бидай сатып алып, өңдеп Ауғанстан мен басқа елдердің нарығына ұсынады. Ал биылғы 8 айда Қазақстан Өзбекстанға 1,3 млн тонна астық экспорттаған.

«Қазіргі таңда елде 250-ге жуық астық өңдейтін кәсіпорындар бар. Олардың 70 ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік алған жылдары бұл кәсіпорындардың саны шамамен 2 мыңнан асатын. Бүгінде 1750 кәсіпорын жабылып, 70 мың адам жұмыс орнынан айырылды. Ақсап тұрған бұл сала мемлекеттің мүддесіне және диқаншылардың экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді», – дейді сенатор.

Сонымен бірге депутат бидай тұқымының 40%-ы шеттен келетінін, импорттық тұқымға сұраныс артқанын атап өтті. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл шаруашылық өндірушілердің көрші елдермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін сенатор нақты жобаларды іске асыру керек деп санайды.

«Элиталық шетелдік тұқымға деген тәуелділікті жою мақсатында арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Сондай-ақ астықты терең өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыру маңызды», – деді.

Еске сала кетсек, Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастағандықтан, Қазақстан бидай импортына тыйым салған болатын. 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген.