Жаңалықтар

«Сібір күйдіргісіне» байланысты Алматы облысындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылды

«Сібір күйдіргісіне» байланысты Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылды / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Сібір күйдіргісіне» байланысты Алматы облысындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылды. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«5 қыркүйекте Республикалық ветеринариялық зертхана 2 бас ІҚМ сынамаларында сібір жарасының болуын растайтын бактериологиялық зерттеулердің нәтижелерін алды. Үлкен Ақсу ауылында тірі жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге және әкетуге тыйым салынды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрліктің хабарлауынша, аумақтық ветеринариялық инспекция жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық дәрігерлерімен бірлесіп жануарларды аулалық тексеру, вакцинациялау және жануарлар иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен бірге елдімекенде дезинфекция жүргізу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды жұмылдырылады. Жағдайды бақылау үшін ол жерге Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Самат Төлегенов барған.

«Қолданыстағы алгоритмге сәйкес барлық қажетті ветеринариялық-санитариялық шаралар өткізіледі және ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында болады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 3 қыркүйек күні Алматы облысының әкімдігі бұл ауылда 4 адамның инфекция жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған болатын. Әкімдік нақтылау үшін арнайы сынамалар алынғанын мәлімдеген.

АШМ Қауіпсіздік және ветеринариялық бақылау комитеті Алматы облысы аумақтық инспекциясының мәліметінше, ауыл азаматтары мал соятыны жайлы ветеринариялық қызметке хабарламаған.

Қазіргі уақытта елдімекенде дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылған.