«Ақ жол» партиясы Асқар Садықовтың Перуашевқа қатысты мәлімдемесіне жауап берді. Партия жариялаған түсініктемеде бұрынғы депутаттың «таныстарына тендерлерді ұтуға көмектескенін» айтқан.
«Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартыпты. Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр. Алайда партия төрағасы Садықовқа тағылған айыптар этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, өзге де салмағы ауыр жайттарға қатысты екендігін тілге тиек еткені бекер емес», – делінген түсініктемеде.
«Ақ жол» партиясының мәлімдеуінше, Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталған көрінеді. Этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса, ал лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану – құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс. Сол себепті партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілмеген.
«Бірақ оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылды. Мәселе А.Садықовтың депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отыр», – деп хабарлайды «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі.
Ақжолдықтардың айтуынша, қолдарында айғақ та бар көрінді. Мәселен, әкімдердің бірі А.Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хат жолдаған. «Ақ жол» партиясы өзінің «адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтынын» айта келе, «мұндай әрекеттер партияның Жарғысы мен Бағдарламасына қайшы келеді» деп есептейді. «Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін» тудырған.
«Талқылауға қатысқан Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтып, өз қателігін мойындаудан бас тартты. Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде А.Садықов депутаттық мандатынан айырылды», – деп хабарлайды «Ақ жол» партиясы.
Олардың пікірінше, Садықовтың өзіне қатысты шешімнің негізсіз екендігі туралы әңгімелері – еш дәйекке сүйенбеген бос сөздер ғана.
Еске сала кетсек, бұрынғы Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Азат Перуашевтың дәйектерін жалған деп атап, жоққа шығарған. «Орынбасарының атышулы қылмысқа қатысы бар болып шыққан соң, ел назарын басқаға аударғысы келуі мүмкін» деп жорамал айтқан болатын.
Айта кететін жайт, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің орынбасары Васильев пара берді деген күдікке ілінген. Осы іс бойынша Ұлттық гвардия қолбасшысының орынбасары ұсталып отыр.