Жаңалықтар

Ұлыбританиялық Caspian Sunrise Қазақстандағы екі мұнайгаз алаңын сатпақ

Фото: кursiv.media архивінен

Ұлыбританияның Caspian Sunrise PLC 26 қыркүйекте акционерлердің кезектен тыс жалпы жиынын өткізетінін жариялады. Онда таяз судағы MJF және Оңтүстік Елемес мұнайгаз құрылымдарын Absolute Resources LLP-ке (ЖШС) 88 млн долларға сату мәмілесі мақұлдануы тиіс.

Сатылатын құрылымдар Маңғыстау облысында, Теңіз кенішінен 40 шақырым жерде орналасқан. Caspian Sunrise хабарлауынша, мәміленің жалпы құны – 88 млн доллар. Оның 12 млн доллары бірнеше күннің ішінде аванс ретінде аударылуы қажет. Құрылымдардың терең суда орналасқан аймақтары мәмілеге кірмеген. Аталған құрылымдар BNG Ltd ЖШС-ға қарасты аумақта орналасқан. Оның 99%-ы Caspian Sunrise-ге тиесілі.

Айта кететін жайт, 14 мамырда Caspian Sunrise құрылымдарды 83 млн долларға сататынын жария еткен болатын. Бірақ төрт күннен кейін келіссөздер нәтижесінде бағаны 88 млн-ға дейін көтерді. Caspian Sunrise пікірінше, алаңды сату компанияның ұзақмерзімді акционерлік құнын арттыру үшін ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

MJF – BNG аумағындағы негізгі құрылым. 2016 жылдан бері өндіріліп жатқан мұнайдың дені оған тиесілі. Оңтүстік Елемес құрылымы болса, 2021 жылы экспорттық лицензиясын алған. Бірақ бүгінгі күні Кеңес одағы тұсында бұрғыланған ұңғымалардан мұнай шығарып отыр.  

Бұл топ Айшағыл және Елемес Тереңді қоса алғанда, BNG аумағындағы қалған бөліктерге иелік етіп отыр.

2023 жылы MJF және Оңтүстік Елемес құрылымдағы мұнай өндіруден түскен қаржы – 21,6 млн доллар. 2023 жылға арналған аудиттелген қаржы есептілігі бойынша екі құрылымның теңгерімдік құны 60,6 млн доллар болды.

Absolute Resources ЖШС қатысушылары – Proximunai ЖШС және «Центр-Энерго» ЖШС. Олардың иесі – Рахман Асамбаев. Proximunai қатысушылары  – ТОО K-Global Invest (иесі Серик Конакбаев) және Шолпан Абдукаримова. Caspian Sunrise хабарламасына қарағанда, мәмілені төлеу үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығынан капитал тартылмақ.

Лондон қор биржасының (LSE) 1 тамыздағы ақпаратына қарағанда, компания акцияларының 48,32%-ы Оразиман отбасына тиесілі: Айбек Оразиман – 46,43 %-на, Алтынбек Болатжан – 1,19%-на, Болатжан Керимбаев 0,7%-на иелік етеді. Сонымен қатар Dae Han New Pharm Limited 9,97 %-ы, Midiel Engineering AG мен Ahmed Al Marri-ге 4,91%-ы тиесілі.

Caspian Sunrise – мұнай мен газ барлайтын, өндіретін ұлыбританиялық компания. Ол 2007 жылы Лондан қор биржасының баламалы инвестициялық нарығында тіркелген. Компания Қазақстанда жұмыс істейді.