Жаңалықтар

2023 жылы Алматы әкімдігі «сүріліп тасталынды» деп хабарлаған ғимарат аукционға шықты

Ғимараттың қасбеті ғана бұзылған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

5 қыркүйек күні gosreestr.kz электронды сауда алаңында Алматының тау бөктеріндегі құрылысы аяқталмаған ғимаратты сату үшін ерекше лот пайда болды. Нысанды қала әкімдігі 2023 жылы бұзатынын хабарлаған еді. Енді осы ғимаратты 980 миллион теңгеге сатуды жоспарлап отыр.

Лот сипаттамасында жалпы ауданы 1156,8 шаршы метр болатын, төрт қабатты тұрғынжай емес ғимарат көрсетілген. Бөгенбай батыр көшесі, 24 мекенжайында орналасқан ғимаратты бұзу туралы сот шешімі шыққан.

Мүлікпен бірге жеке меншікке берілетін 0,0525 га (5,25 акр) жер учаскесі сатылуда. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – тұрғындарға қызмет көрсетуге арналған автотұрақ.

Лоттың бастапқы бағасы – 980 787 000 теңге, дегенмен объектіні бағалау актінде оның нарықтық құны 327 929 000 теңге болып белгіленген. Аукцион 6 қыркүйекке жоспарланған.

2023 жылдың сәуірінде Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы рұқсатсыз салынған құрылыс нысаны сот орындаушыларының қатысуымен бұзылғанын мәлімдеген. Мүлік жеке тұлғаның меншігінде болғасын, нысан бойынша сот процесі бір жарым жылдан астам уақытқа созылды.

Бір қызығы, нысанның сол кездегі әкімдік жариялаған фотосуреттері мен қазір gosreestr.kz сайтында жарияланған фотосуреттері бірдей дерлік – ғимараттың қасбетінің бір бөлігі ғана қираған.