Президент «Астана» қаржы орталығына төтенше жағдайда қорларды іске қосатын қаржы тетігін зерделеуді тапсырды
Қазақстан Президенті Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес отырысында орталық ұсынатын салық, виза және еңбек режимі инвесторлар үшін қолайлы екенін атап өтті. Осы ретте бекітілген «ойын ережесін» қатаң сақтауды тапсырды.
– Конституциялық заң кепілдік берген АХҚО-дағы салық режимі Орталықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Ол жаһан инвесторлары үшін Қазақстаннның тартымдылығын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бұл біздің тұрақты ұстанымымыз, одан бас тартпаймыз, – деді Тоқаев.
Президент зейнетақы активтері мен АХҚО-дағы қаржы институттарына шетелдік инвестициялық басқарушы компаниялардың назарын аудару керек екенін айтты. Ол үшін Ұлттық банк Үкімет, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және АХҚО-мен бірге компанияларды орталықта локализациялау бойынша талаптарды күшейтуге тиіс. Шетел нарығында бір мезгілде орналастырылған жағдайда жергілікті қор нарығындағы бағалы қағаздардың үлесі мен көлемінің шегін біртіндеп ұлғайтуға басымдық берілуі керек.
Қазақстанда көміртек нарығын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазір Еуропа Одағы елдері көміртек механизмдерін шекарада реттеуді енгізуге дайындалып жатыр. Бұл отандық өнімдерді Еуропаға экспорттауға едәуір кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан Үкімет осыған ерте қамдануы қажет.
Тоқаев төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екеніне тоқталды. Түрлі мемлекеттік сақтандыру қорларының табиғи апаттардың салдарымен күресуге дер кезінде қолдау көрсеткені маңызды. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, осы мақсаттағы қор құру мәселесін жан-жақты зерттемек.
Тамызда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқару кеңесінің құрамы өзгерді. Оның құрамынан бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер шығарылып, шетелдік мамандар шақырылды.
АХҚО комитетінің басшысы Н. Күшімов Павел Дуровтың криптовалютасы (TON) 100-ден астам танымал токенмен бірге лицензияланған биржаларда сауда жасауға рұқсат алғанын, токендерді еркін таңдауға болатынын айтты.