V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қашан, қай жерде және қалай өтеді?

Жарияланды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қашан, қай жерде және қалай өтеді?/www.aa.com.tr/ru

Астанада 8 қыркүйекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Қырғызстаннан бастау алған спорт жарысы әр екі жыл сайын өтіп тұрады. UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген. Жыл өткен сайын ойынға қызығушылық танытып жатқандар саны артып келеді. Биыл шамамен жүзден астам елден 3000-ға жуық қатысушы бақ сынайды. 

Тамыры тереңде жатқан көшпенділер ойындары

Көшпелі өмір салты дәстүрі бөлек, бірақ тұрмыс ұқсас сан халықтың басын біріктіреді. Өйткені өзіне ғана тән мәдениеті, қайталанбас салт-дәстүрі тарих қойнауында қалып қоймай, бүгінгі заманға сай жаңғырғаны құба-құп. Оңай жығылып, жылдам тігілетін киіз үй, маусымға қарай жайлау мен қыстауға көшіп жүретіні көшпенділерге ортақ. Тіпті тереңге үңілсек, қазіргідей туризм дамымаған, форумдар өтпеген кезде көшпенділер мәдени байланыс орнатып отырған. Сол жолда көрген-білгенін бөлісіп, жаңа жерге барғаннан жаңа тыныс алған. Бос уақытында түрлі спорт түрінен сайысқа түсіп, той жасап, сауық-сайран құрып та үлгерген. Міне, сол ойындардың бүгінге жалғасқанының дәлелі — ұлттық ойындар мен спорт түрлері. Көшпенділер ойындарының күзге салым өтетіні де бекер емес. Өйткені қыркүйекте көшпенділер жаз жайлаудан көшіп, қысқа дайындықты бастаған. Бүкіл жүк пен малды тиеп көш басталады. Одан жаңа қонысқа аман-есен жеткен соң, арты ұлан-асыр тойға ұласады. Түрлі рәсім жасалып, күш сынасатын жарыстар да өткізілетін. Осынау әдемі дәстүрдің жаңғырған түрі — Дүниежүзілік көпшенділер ойындары.  

Көшпенділер ойындары қай елдерде өткізілді?

Алғаш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Шолпан-Атада 2014 жылы өтті. Ол кезде 19 елден 700-ден астам қатысушы келген. Оның ішінде спортшы да, жаттықтырушы мен төрешілер де бар. Жалпы мәдени бағдарламаға 1200 адам қатысқан екен. Ал одан кейінгі, 2016 жылғы ойындарда қатысатын елдер саны 62-ге көбейген. Бір айта кетерлігі, дәстүрлі көшпенді халық болмаса да қатысқандар қосылған. 2018 жылы 82 елден 2000-ға тарта спортшы 37 спорт түрінен бақ сынасқан. Осылайша бастапқы 3 ойын Қырғызстанда өтіп келіп, төртіншісі Түркияның Изник қаласында өтті. Ол кезде 82 елден 3000 спортшы қатысқан. Биыл өткізу құқығын Қазақстан иеленсе, келесі ойындар Өзбекстанда өтеді деп жоспарланып отыр.    

Астанадағы ойындар қайда өтеді?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында бас қаладағы мына алты нысанда өтеді деп жоспарланып отыр: 

  • «Астана-Арена» стадионы
  • «Қазанат» ипподромы
  • Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы
  • «Алау» мұз сарайы
  • Qazaqstan жеңіл атлетика кешені
  • «Думан» кешені

«Қазанат» ипподромында және этноауыл аумағында ат жарысы, садақ ату, құс салу сияқты ұлттық ойындар жарысы өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жеке сарайы мен «Алауда» ұлттық күрес, жекпе-жек түрлері мен түрлі халық ойындарынан жарыстар болады. Интеллектуал ойындар «Думан» кешенінің аумағында өткізіледі. ДКО аккредиттейтін және жабдықтайтын орталықтары Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде орналасады. Бұл ретте «Қазанат» маңындағы «Көшпенділер ғаламы» этноауылының арқалайтын жүгі ауыр екенін атап өту керек. Себебі ДКО мәдени бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі алаң осы. Десе де бас қаланың өзге де саябақ, алаң, қоғамдық орындары, мұражайлар мен көрмелерінде де мәдени бағдарламалар жоспарланған. Ойындардың ғылыми бағдарламасының басым бөлігі Ұлттық мұражайда өтеді.  

Осылайша Астананың ең үздік спорт алаңдарында 21 спорт түрінен жарыс өтіп, 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда:

  • Көкпар
  • Көк бөрү
  • Бәйге
  • Теңге ілу
  • Аударыспақ
  • Powerful nomad
  • Жамбы ату
  • Құсбегілік
  • Дәстүрлі садақ ату
  • Қазақ күресі
  • Алыш
  • Кураш
  • Арқан тартыс
  • Ашыртмалы аба гюреши
  • Мас-рестлинг
  • Асық ату
  • Ордо
  • Тоғызқұмалақ
  • Овари
  • Мангала

Ойындарда кім көшбасшы?

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2014-2018 жылдар аралығында алғашқы үштікте Қырғызстан (81 алтын, 77 күміс, 79 қола), Қазақстан (40 алтын, 46 күміс, 52 қола) мен Ресей (29 алтын, 17 алтын, 42 қола) тұр. Сонымен бірге Түрікменстан мен Өзбекстан спортшылары да айтарлықтай нәтиже көрсеткен. Түркияда өткен ойындарда да көшбасшылар қатары осындай болған. Екінші орында тұрған Қазақстан еншісіне ол жолы жалпы саны 72 медаль бұйырды. Атап айтқанда, 18 алтын, 24 күміс пен 30 қола.

Бірлік керуені мен айдентика

Дәстүр бойынша, Олимпиада, Азия және Дүниежүзілік Универсиада сияқты заманауи ірі спорттық жарыстың барлығында дерлік Алау эстафетасы болады. Алғашқы үш көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан «Су» болды. Ойын қарсаңында Қазақстанның барлық облыс орталығы және республикалық маңызы бар қаласында әсерлі театрландырылған іс-шара барысында жергілікті қасиетті бұлақтардан Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсіміне Су алынады. Сөйтіп аймақтың орталық көшелерінен өтіп, орталық алаңда құрметке ие болған керуен Қазақстанның астанасына аттанады. Өңірдің дәстүрі мен стилінде безендірілген «Керуен» құрамында Су толтырылған ыдыспен бірге Астанаға Ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар келеді. Сонымен қатар керуендер өңірлерден Астанаға киіз үй, ыдыс-аяқ, «Көшпенділер ғаламы» этноауылын ұйымдастыруға қажеттің барлығын әкеледі. Ойындардың ашылу күні құрамында еліміздің барлық аймағының атынан келген, қолына қасиетті су толтырылған торсық ұстаған батырлар бар керуен Ойындардың ашылу рәсімі өтетін жерге жарқын шерумен аттанады. 

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ресми лототипте күншуақты шабандоз бар. Ол — айдентиканың маңызды элементі. Бұл элемент бұған дейінгі ойындардың логотиптерінде де болған. Логотиптегі жазу VIII-X ғасырлардағы руна түркі жазуының стиліне салып жасалған. 

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында Қазақстанға ең көп саяхаттағысы келетін ТОП-10 ел туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз