Қазақстан Үкіметі дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге бюджеттен қанша қаржы жұмсағалы отыр? Бұл сұраққа Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев жауап берді.
Халықаралық дүбірлі доданы өткізуге жауаптылардың бірі Абылай Қондыбаевтың мәлімдеуінше, көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген.
«Шығынның негізгі бөлігі қатысушылардың жатын орны мен тамақтануына жұмсалады. 2 430 қатысушы келетінін еске сала кетейін. Біз 5-ші көшпенділер ойынын өткізгелі жатырмыз. Қалыптасқан дәстүр бар. Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы Түркиядан өткен 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да қатысқан. Ол жерде қабылдаушы тарап қатысушылардың барлық шығынын өз мойнына алады. Біз әрбір қатысушының жатын орны мен тамақтануына шамамен 1,8 млн теңге жұмсаймыз», – деді Абылай Қондыбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Спикер ойын билеттерінің құнына қатысты да ақпарат беріп өтті. Аталмыш шарадағы жарыстарға билет наурыз айының соңында сатылып бастаған.
«Ерсесектер үшін 1000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болады. Жалпы билеттердің орташа бағасы 3-6 мың теңгенің аралығында. Оқушыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдік қарастырылған. Бұл тек ойындарға қатысты. Ашылу салтанатының билеттері екі күн бұрын сатылып кетті», – деді ол.
Халықаралық жарысқа 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдардың жалпы саны – 581 дана. Абылай Қондыбаевтың айтуынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн теңге. Сыйақы ойындардың бас серіктесі тарапынан қарастырылған. Жалпы 15 мыңға жуық адам аккредитациядан өткен.
Биыл сәуір айында Президент Солтүстік Қазақстан облысына барып, эвакуацияланған тұрғындармен кездескен еді. Тоқаев халықпен кездесуінде барысында халықаралық шараларға жұмсалатын бюджет қаржысын қысқаратынын айтқан еді. Оның ішінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын да азаятынын мәлімдеген болатын.
«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», – деген еді Тоқаев.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астанада қаласында өткізіледі. Этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстар бойынша өтетін шараға әлемнің 89 елінен екі мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуіне байланысты Ішкі істер министрлігі ел бойынша қауіпсіздік шарасын күшейтті. Полиция, әсіресе, Астанадағы тәртіпті мұқият қадағаламақ.