Жаңалықтар

BofA Nvidia акцияларын сатып алу үшін олардың құлдырауын пайдалануды ұсынып отыр

REUTERS/Ann Wang

Bank of America инвесторларға сатып алу үшін Nvidia акцияларының 15%-ға құлдырауын пайдаланып қалуды ұсынды. Өйткені сарапшылардың компанияны бағалауы көңілге сенім ұялатып отыр. Алайда BofA қағаздардың қысым «құшағында» қалатынын және одан да төмен түсуі мүмкін екенін ескертеді, деп жазды Bloomberg.

Толығырақ

Bank of America сарапшылары ЖИ чиптерін өндіруші Nvidia акциялары бағасының төмендеуі әлі аяқталмаған болуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ құлдырауды сатып алу мүмкіндігі ретінде қарастыруды да ұсынып отыр. BofA Nvidia акцияларының «сатып алу» рейтингін растады. Олардың мақсатты бағасы –165 доллар, шамамен 54%-дық өсім әлеуетін білдіреді, деп жазды Bloomberg.

Акцияларға жасалған қысым

Чип өндірушісінің қағаздары тамыз айының соңында кіріс туралы есеп шыққаннан кейін шамамен 15%-ға арзандады. Өйткені компания инвесторлардың үмітін ақтамады. Сейсенбіде Nvidia АҚШ-тың нарық тарихындағы ең үлкен құлдырауды бастан өткерді – бір күнде 278,9 млрд доллар шығынға ұшырады.

Қысым алдағы апталарда да жалғасуы мүмкін, дейді BofA сарапшылары. Өйткені Nvidia жаңа Blackwell чипін шығаруда, сондай-ақ реттеушілердің бақылауында қиындықтарға тап болады. Бұл ретте инвесторлар нарықтың құбылмалылығына, макроэкономикалық деректерге және жалпы ЖИ бумына қатысты сақ болуға шақырды.

Бұл акцияларды сатып алудың «жақсартылған» мүмкіндіктерін туғызады, деп атап өтті BofA.

Nvidia-ның өсу катализаторы

Bloomberg-тің жазуынша, BofA сарапшысы Вивек Арья 4 қыркүйектегі жазбасында «жаңа Blackwell чиптерінің дайын екендігін растайтын келесі бірнеше аптадағы жеткізілім деректері» баға ұсыныстарын қалпына келтірудің негізгі катализаторы болуы мүмкін екенін атап өтті.

Қысқа мерзімді перспективада оң катализатордың жоқтығына қарамастан, Nvidia акциялары алдағы бірнеше жыл ішінде қолдау табуы керек. Өйткені компаниялар Nvidia чиптерімен, соның ішінде Blackwell процессорларының жаңа желісімен жасанды интеллект мүмкіндіктерін арттырады, деп жазады Арья.

«Технология индустрия Blackwell чипін пайдалану арқылы кем дегенде тағы 1-2 жыл қарқынды өсуді қамтамасыз етеді. Ол ЖИ-дің оқу жылдамдығын 4 есе және деректерді шығару жылдамдығын 25 есе арттыра алады», – делінген BofA жазбасында.

Акциялардың жайы

Nvidia қағаздары жыл басынан бері 116,5%-ға нығайды. Бұл S&P 500 индексіндегі ең жақсы нәтиже. MarketWatch мәліметтері бойынша, Nvidia динамикасын бақылайтын 61 сарапшының тек төртеуі ғана акцияларды ұстауды, қалғандары сатып алуды ұсынып отыр. Уолл-стриттің консенсус бағасы 149,3 долларды құрайды, бұл 39%-дық өсімді білдіреді.