Research

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы статистиканы кімдер бұрмалап, Қазақстан экономикасына нұқсан келтіріп отыр?

иллюстрация: shutterstock

Өткен жылы қазақстандық (ҚХР-дан келетін импорт) және қытайлық (ҚР бағытындағы экспорт) деректер арасында алшақтық едәуір өсті. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (ЖАП) ел Үкіметінің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің қорытындысына осындай үрдіс қалыптасып отырғаннын келтірген. Kursiv Research Қазақстан-Қытай шекарасында тәртіп орнату Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейінгі Жолдауындағы негізгі тармақтардың бірі болғанына қарамастан, оның неліктен өскенін анықтау үшін ЖАП қорытындысы мен ресми статистиканы зерттеп көрді.

Екі жақты статистикадағы асимметрияның артуы жекелеген тауар топтары бойынша кедендік әкімшілендіру шараларының тиімсіздігін көрсетеді, деп есептейді мемлекеттік аудиторлар. Өз кезегінде сапасыз кедендік әкімшілендіру мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да төлемдердің жиналуын азайтады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы республикалық бюджет 14,3 трлн теңге көлемінде салық түсімдерін жоспарлағанмен, оның шамамен 1,4 трлн теңгесін жинай алмады.

Қазақстандық және қытайлық деректер арасындағы едәуір алшақтық экономикалық залал келтіріп отыр. Дегенмен, бұл мәселе ішінара саяси мәнге де ие екенін ұмытпау керек. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айындағы оқиғалардан бірнеше күн өткен соң ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаралы қаңтар» сабақтары туралы Жолдауын жариялады. Содан кейін ол Бас прокуратураға, Қаржы министрлігіне және Қаржы мониторингі агенттігіне Қазақстан-Қытай шекарасында тәртіп орнатуды тапсырды. Ол шекарада «көліктер тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді», деп айтты. Сондай-ақ «ҚХР кеден органдарымен арадағы статистикадағы сәйкессіздік миллиардтаған долларға тең екенін» алға тартып, жағдайды жедел реттеуді тапсырды.

Цифрларға сенсек, бірінші жылы президент тапсырмасы орындалған. Сәйкессіздік 2021 жылдың қорытындысындағы 5,7 млрд доллардан 2022 жылы 5,2 млрд долларға дейін қысқарды. ҚХР деректерімен арадағы сәйкессіздіктер көлемі сияқты салыстырмалы көрсеткіш айқын прогресті көрсетті. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымының жалпы динамикасын ескереді. Аталған көрсеткіш 41,1%-дан кейінгі 20 жылдағы ең төменгі деңгейге – 31,9%-ға дейін төмендеді.

Бірақ шамалы уақыттан кейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдай қайтадан әдеттегі қалпына оралды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сәйкессіздік 9,3 млрд долларға дейін өсті. Бұл кейінгі 20 жылдағы рекорд болып саналады. Салыстырмалы көрсеткіштің 37,7%-ға дейін өсуі де (ҚХР деректеріне қатысты сәйкессіздіктер сомасы) кедендік әкімшілендірудің нашарлай түскенін көрсетеді.

Осынау теріс үрдіске Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы назар аударды. 2023 жылға арналған республикалық бюджетті атқару қорытындысында мемлекеттік аудиторлар аталған тақырып бойынша бірнеше ескерту жасады. Олардың біразын Kursiv Research осы материалда қамтуға тырысты.

ЖАП қорытындысы осы жылдың маусым айында жарияланды. Яғни аудиторлар алдын ала деректерге сүйене отырып, ҚХР-дан келетін импорттық ағындарға талдау жүргізді. Сонымен қатар әдетте тамыз айында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті статистиканы жаңартып, өз сайтындағы статистикалық бюллетеньдерді қорытынды деректері бар файлдарға ауыстырады. Сондықтан Kursiv Research есептеулерінің нәтижесі ЖАП ұсынған цифрлардан сәл өзгеше. Бірақ біздің цифрлар мемлекеттік аудиторлар ұсынған деректер аса алшақ та емес екенін ескерген жөн.

Бағалаудағы бұлыңғырлық

ҚР ҚМ МКК қорытынды деректеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы Қытайдан 15,4 млрд доллар тауар импорттаған. Ал ITC деректері бойынша, ҚХР кеден органдары Қазақстан бағытындағы тауар экспорты шамамен 24,7 млрд долларға жеткенін тіркеген. Осылайша, қытай деректері біздікінен 9,3 млрд долларға артық болып тұр. Аспан асты елінің Қазақстанға жолдаған экспорты сомасына қатысты пайда болған сәйкессіздік (ҚХР деректері бойынша) 37,7%-ға дейін өсті. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіштер тиісінше 5,2 млрд долларды және 31,9%-ды құраған-ды.

Осы жерде бірнеше түсініктеме бере кетен жөн. 2024 жылғы наурызда ҚР ҚМ МКК Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев 2023 жылы салыстырмалы сәйкессіздік оған дейінгі жылдың деңгейінде – 32,7% шегінде қалғанын атап өтті. Оның пікірінше, әкімшілендіруді күшейту және процестерді автоматтандыру өз жемісін бере бастаған. Шенеунік айтқан арақатынас, шамасы, алдын ала берілген статистика негізінде есептелген секілді. Оған сәйкес, Қазақстан Қытайдан 16,8 млрд доллар сомасына тауарлар импорттаған. Оның үстіне 32,7%-дық арақатынас ҚР Қаржы министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы бағдарына сәйкес келеді. Бұл бойынша өткен жылдың қорытындысында Қытайдың кедендік статистикасымен арадағы алшақтық 37%-дан аспауға тиіс еді.

Бірақ ЖАП мамандары Қазақстан Республикасының алдын ала берілген кедендік статистикасы негізінде жасалған есептерді аудит барысында алынған деректермен толықтырған. Оның аясында салық есептілігі тауарларға арналған декларациялармен салыстырылады.

«Аудит барысында ҚХР-дан әкелінетін тауарлардың кедендік құнына қатысты манипуляциялар арқылы ҚХР-дың кедендік статистикасымен арадағы ең үлкен теріс сәйкессіздіктер 61-ші («киім заттары мен киімге керек-жарақтар, машинамен немесе қолмен тоқылған трикотаждар»), 62-ші («машинамен немесе қолмен тоқылған трикотаждардан өзге киім заттары мен киімге қажетті керек-жарақтар»), 64-ші («аяқ киім, гетрилер және балама бұйымдар, олардың бөлшектері») және басқа тауар топтарына қатысты орын алып отыр. Оларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырған кезде (кедендік төлемдер мен салықтарға төлеуді және кедендік құнды бақылауды көздемейді) ішкі тұтыну (ИМ-40) үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғанға дейін оны бірнеше рет асыра бағалау арқылы уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) болып саналатын сыртқы экономикалық қызмет (СЭҚ) қатысушылары жоғарыда аталған тауарлардың ҚХР-дан ҚР бағытындағы импорт құнын 1,4 млрд долларға асыра бағалаған», – делінген ЖАП қорытындысында.

Осылайша, мемлекеттік аудиторлар сәйкессіздіктердің нақты сомасы 9,3 млрд доллар шегінде болғанын анықтады. Бұл қазақстандық кеденнің қорытынды статистикасына сәйкес келеді.

Аз ба, әлде көп пе?

Екі жақты статистиканың 9,3 млрд долларға немесе ҚХР кеден деректерімен арадағы 37,7%-дық сәйкессіздігінің экономикалық мәні неде? Біріншіден, «айна статистикасы» – ең жақсы әдіс емес. Өйткені заңды ешкім бұзбаған жағдайда да деректер әртүрлі болуы мүмкін. Бұған бірқатар себеп бар. Олардың ең маңыздылары мыналар: кейбір елдер сыртқы сауда статистикасында еркін экономикалық аймақтардағы операцияларды ескереді, ал басқалары ескермейді; тауарды жөнелту мен қабылдау арасында уақытша артта қалушылықтар болады; импорттау кезінде тауарды жеткілікті дәрежеде дәл декларациялау фактілері кездеседі. Кейбір елдер реэкспортты, реимпортты немесе халықаралық транзитті ескереді. Дегенмен БҰҰ импортты шыққан елі бойынша, экспортты соңғы баратын елі бойынша анықтауды ұсынады. Ал транзит деректері сыртқы сауда статистикасынан алынып тасталуы керек. Сонымен қатар импортты CIF бағаларында, ал экспортты FOB бағаларында ескеруге болады. Бұлар сақтандыру шарттары мен логистикаға байланысты ерекшеленеді.

Екіншіден, «айна статистикасын» зерттеуде жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 50%-дан асатын алшақтықты күмәнді деп санаған жөн. Екі жақты статистика барлық елдермен дөп түсе бермейді. Кез келген асимметрияны кедендегі сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары екендігінің дәлелі ретінде санауға болмайды. 2022 жылғы ақпанда, Мемлекет басшысының жоғарыдағы сөзінен бірнеше апта өткен соң, сол кездегі ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «айна статистикасы» арқылы ҚХР деректерімен арадағы алшақтық 2021 жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млрд долларға тең болғанын хабарлады. Шамамен 300 млн доллар әдістемелік аспектілерге байланысты пайда болды (немесе 5,7 млрд доллардың 5%-дан астамы). Шамамен 2,6 млрд доллары ҚР арқылы өткен ҚХР тауарларының транзитімен байланысты (немесе 46%). Ең үлкен үлес жалған декларацияға тиесілі – 2,8 млрд доллар (немесе 49%). Жамбаубаев келтірген бағалау бойынша, 2,8 млрд долларға дұрыс декларацияланбаған жағдайда республикалық бюджеттің шығыны 150 млрд теңгені құрады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚХР деректеріне қатысты «айна статистикасының» 37,7% деңгейіндегі сәйкессіздік туралы ақпарат аз. Өйткені бұл – оң және теріс алшақтықтарды қосу нәтижесінде алынған тауарлардың барлық тобы бойынша жинақталған мән.

Біздің жағдайда теріс айырмашылық сауда серіктесі атанып отырған елдің статистикасы (нақты кейсте – Аспан асты елі) қазақстандық статистикадан асып кеткен кезде алынады. Басқаша айтқанда, тауардың кедендік құны төмендетіледі. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік құнды қай кезде төмендетуге бейім келеді?

Кедендік құнды төмендету бүкіл әлемде жиі кездесетін тәжірибе болып саналады. Өйткені ол неғұрлым төмен болса, декларант тауарды шекара арқылы өткізу үшін салықтар мен төлемдерді соғұрлым аз төлейді. Кедендік құнды декларант (жүк иесінің атынан әрекет ететін кеден өкілі) мәлімдейді, ал оның дұрыстығын кеден органы тексереді, сондай-ақ оны бағалау үшін тәуелсіз компания тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ, СЭҚ қатысушысы кедендік құнын көтеруге бейім тұратын жағдайлар кездеседі. Ол үшін тауарды шекара арқылы өткізген кезде кедендік баждар мен басқа төлемдердің ставкасы экономикалық агент тауарды қайта сатқаннан кейін төлеуге міндетті салық ставкасынан едәуір жоғары болуы керек. Яғни, ол кедендік құнын көтеріп, бюджетке қомақты соманы төлейді, болашақта экономикалық агент тауарды ең төменгі үстеме бағамен немесе шығынмен сатады (бірақ тек қағаз жүзінде, өйткені ол шекарада дұрыс емес бағаны көрсетті). Тиісінше, қарапайым кіріс немесе шығын оған табыс салығы сияқты «оңтайландыруға» мүмкіндік береді. Бұл жағдайда оң алшақтық алынады.

Киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар

Әдетте ҚХР-дан келетін импортта сәйкессіздіктердің ең үлкен көлемі теріс айырмашылықпен тауар ағындарын тудырады. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы жіктеуішінің екі таңбалы кодтар бойынша бүктелген мәнді бөлу 2023 жылдың қорытындысында теріс ауытқулар көлемі негізінде «көш бастаған» ТОП-5 тауар топтарынан тұратынын көрсетеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 62-ші тауар тобындағы ауытқулар сомасы 2,8 млрд долларға дейін немесе Қытай кеденінің деректеріне қатысты 77%-ға дейін өсті. 61-ші тауар тобы бойынша қазақстандық деректер қытайлықтардан шамамен 1,6 млрд долларға (немесе шамамен 70%) аз болып шықты. 64-ші тауар тобы бойынша теріс айырмашылық шамамен 1,1 млрд долларды (немесе 65%) құрады.

95-ші тауар тобы бойынша («ойыншықтар, ойындар және спорттық жабдықтар; олардың бөліктері мен керек-жарақтары») теріс алшақтық 816 млн долларға дейін (немесе 76%) өсті Бестікті 42-ші тауар тобы («былғарыдан жасалған бұйымдар; ер-тоқым бұйымдары мен әбзелдер; жолға қажетті керек-жарақтар, сөмкелер және оларға ұқсас тауарлар») жабады, олардың теріс айырмашылығы 444,4 млн долларға (немесе 74%) тең.

Бес тауар тобы бойынша алшақтық көлемі шамамен 6,7 млрд долларды немесе жалпы сәйкессіздіктер сомасының 72,2%-ын құрады. ЖАП қорытындысында цифрлардың реті сәл өзгеше. Бірақ теріс айырмашылық бойынша «көшбасшы» тауар топтары бірдей.

Мұндай ауытқулардың негізгі себептерінің бірі Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін контрафактілік және контрабандалық өнім көлемінің көптігі болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандардың барлығын дерлік гаджеттерге қарағанда физикалық қасиеттеріне қарай қолдан жасау оңайырақ. Үлкен тауарлардан айырмашылығы, бұларды кеден қызметкерінің көзінен жасыру оңайырақ. Тапсырыс беруші сапасын тексеретін өндіріс құралдарынан айырмашылығы, бұл үшін сараптама қарастырылған. Тұтынушы арнайы білімі болмағандықтан, тұтыну тауарларын бағалай алмайды.

Сенім операторлары

Мемлекеттік аудиторлар өз қорытындысында мынадай қызықты дүниені атап өтеді. «ҚХР тауарларының көрсетілген топтарының импорты көлеміндегінің (Жоғарыда аталған бес тауар тобы. – «Курсив») жартысына жуығы уәкілетті экономикалық операторларға (УЭО) тиесілі», – делінген құжатта.

УЭО дегеніміз не? Бұл ұғым ЕАЭО Кеден кодексінде айқындалған және одақ аумағында тіркелген әрі арнайы тізілімге енгізілген кәсіпорынды білдіреді. Бұл мәртебе ЕАЭО мемлекеттерінің шекараларын кесіп өту кезінде жүктерді ресімдеудің оңайлатылған тәртібін пайдалануға мүмкіндік береді. ҚР ҚМ МКК сайтында былай деп жазылған:

«Кедендік операциялар мен бақылау артықшылықтары УЭО куәлігінің түріне байланысты беріледі. Арнайы кедендік жеңілдіктерді пайдалану кезінде кеденнен өтуге кететін уақыт пен қаржылық шығындар барынша азайтылады, логистикалық тізбек оңтайландырылады. УЭО мәртебесі бар тұлға кеденшілер арасында сенімге ие. Аталған заңды тұлға мәртебесі Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан аумақтарында жұмыс істеген кезде өте маңызды».

Мемлекеттік аудиторлар әртүрлі кедендік режимдері бар импорттаушылардағы кедендік құн индексін (КҚИ – тауар құнының оның салмағына қатынасын көрсететін статистикалық бақылау шамасы) салыстырды. «Барынша қолайлы» режимін пайдаланатын УЭО-ның аталған тауарлар импортының КҚИ-і тауарлардың 62, 64, 95-ші топтары бойынша басқа санаттағы КҚИ-нен төмен. Ал тауарлардың ресми сатушыларының КҚИ-мен салыстырғанда тауарлардың барлық тәуекел топтары бойынша төмен», – делінген ЖАП қорытындысында. Қарапайым тілмен тәпсірлесек, бірдей сома бойынша УЭО сыртқы экономикалық қызметтің басқа қатысушыларына қарағанда әлдеқайда көп тауарды импорттайды.

«Аталған фактілер УЭО-ға қатысты кедендік әкімшілендіру шараларының тиімсіздігін айғақтайды», – деп түйіндейді ЖАП мамандары.

Қанша тұрады?

Мемлекеттік аудиторлар ҚХР-дан келетін тауарлардың импортын СЭҚ тауар номенклатурасының алты белгісі бойынша талдап, оның ішінде айтарлықтай оң және теріс сәйкессіздіктері бар 3808 субпозицияны бөліп көрсетті.

2023 жылы 2063 субпозиция бойынша айтарлықтай оң айырмашылық тіркелді (ҚР деректерінің асып кетуі), бұл шамамен 5,8 млрд доллар және теріс ауытқуы бар 1745 субпозиция (ҚХР деректерінің асып кетуі) есепке алынған – жалпы сомасы 13,7 млрд доллар.

Экономикалық залалды есептеу үшін кедендік әкелу бажы бойынша алып қою коэффициенті оң алшақтық жағдайында, теріс жағдайда ҚҚС бойынша алып қою коэффициенті пайдаланылды. Осылайша, мемлекеттік аудиторлар кедендік баждар мен ҚҚС бойынша болжамды экономикалық шығындар сомасын 467,9 млрд теңге (өткен жылғы доллардың орташа бағамы бойынша 1 млрд доллардан сәл астам) мөлшерінде бағалайды.

Бұл өткен жылы бюджет дағдарысы орын алған салық тапшылығы сомасының үштен біріне тең. Министрлер кабинеті Ұлттық қордан қосымша ақша алу арқылы ғана бұған жол берген жоқ.