Банк пен қаржы

Негізгі акционерінің бірі Қырғызстанда қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінген компания 53 млрд теңге дивиденд төлейді

«Алтыналмас» 2023 жылдың І тоқсаны үшін 53 млрд теңге дивиденд төлемек / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстандағы ең ірі 3 алтын өндіруші компанияның қатарына кіретін «Алтыналмас» АҚ акционерлеріне 2023 жылдың І тоқсаны үшін 52,9 млрд теңге дивиденд төлемек. Акционерлік қоғам Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Абай облысындағы кен орындарында алтын өндіретін еншілес компаниялардың басын біріктіреді.

Дивиденд төлеу 2 қыркүйектен басталған. Компания Қазақстан қор биржасына осы 53 млрд теңгенің 38,5 млрд теңгесі акция иеленушілерге төлегенгенін хабарлады. 1 қарапайым акцияға келетін дивиденд көлемі – 5501,60 теңге.

Компанияның 2023 жылғы шоғырландырылған қаржы есебіне сүйенсек, акционерлік қоғам былтыр 79,6 жалпы табыс тапқан. Бұл 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 42,2 пайызға кем. Алдыңғы жылы компаниялар тобы 113,2 млрд теңге таза табыс алған.

«Алтыналмас» Доре құймаларындағы алтынды өндіреді, одан әрі өңдеу үшін Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына жіберіледі. Тазартылған алтынды Қазақстан Ұлттық Банкі сатып алады. Акционерлік қоғамның 13 еншілес компаниясы бар. Олар: «AAEngineering Group» ЖШС, «Ақбақай тау-металлургия комбинаты» АҚ, «Ақбакай Голд Ресорсес» АҚ, «Аксу Technology», «Ақтогай Мыс», «Алтыналмас Реагентс», «Алтыналмас Technology», «Алтын алмас» Сауда үйі, «Қазақалтын», «Асыл Ресорсес», «Қазақалтын Сервис», «Степногорск қонақ үйі», «Казахалтын Technology» ЖШС-лар.

Топтың активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. Жалпы 26 кен орнында кен өндіруге келісімшарты бар.

Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өндіру зауытында өңделеді.

Осы қаржы есебінде «Алтыналмастың» негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60%, Владимир Жұманбаев – 20% (2022 жылы 22 пайыз), Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5% иеленетіні жазылған. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарабы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd компаниясы.

Ал Қазақстан қор биржасындағы 12 шілдедегі мәлімет бойынша, компанияның 75 пайыз акциясы Gouden Reserves-ке тиесілі болса, 25 пайызын Жұманбаев иеленеді.

Компания акционерлерінің бірі – Владимир Жұманбаев  Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің қатарына енеді. Оның байлығы қазір  $365 млн бағаланып, дәулетті кәсіпкерлер арасында 25-орында тұр.

Биыл жазда Жұманбаев Қырғызстанда қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінді. Kaktus Media ақпаратына сүйенсек, Жұманбаевқа көрші елде іздеу жарияланған. Кәсіпкер «бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін Қырғызстан аумағында қолдау үшін» Көлбаевпен байланыс орнатқаны айтылады. Жұманбаевқа «Алтыналмас» компаниясының 25 пайызынан бөлек, «Қаражыра» АҚ 20%, «Бенкала» тау-кен компаниясы, «Ronson-2000» ЖШС және «Vertex Holding» тиесілі.

Алайда еліміздің Бас прокуратурасы Қырғызстан қазақстандық миллиардерге іздеу салынғанын айтып, Қазақстанға жүгінбегенін мәлімдеді. Сонымен қатар «Қазақмыс» компаниясы Kazakhmys Holding топ-менеджері, миллиардер Жұманбаевқа Қырғызстанда іздеу жарияланғанын жоққа шығарған.