AIX биржасында I-REC жаңартылатын энергия сертификаттары саудаланады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Astana Finance Day
Astana Finance Days форумында I-REC жаңартылатын энергия сертификаттары сатылатыны айтылды / Фото: shutterstock

«Астана халықаралық қаржы орталығы» (AIX) нарыққа жаңартылатын энергия сертификаттарымен сауда жасауды ұсынады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Astana Finance Days форумында AIX Реттеу және комплаенс жөніндегі директоры Евгения Богданова мәлімдеді.

Жаңа қаржы құралы I-REC жаңартылатын энергия сертификаты деп аталады. I-REC сертификаты – энергияның жаңартылатын көздерінен алынғанын растайтын құжат. Ол 1 МВт/сағ таза электр энергиясына сәйкес келеді. I-REC әлемдегі барлық ерікті жаңартылатын энергия сертификаттары нарығының 99%-ын қамтиды. Қазіргі кезде 50-ден астам елде қолданылады.

«AIX-те экологиялық құралдардың (Environmental Instruments) іске қосылуы орнықты дамуды дәстүрлі қаржы нарықтарына интеграциялау жолындағы маңызды кезеңді білдіреді. Қор нарығындағы біздің классикалық құралдарымызбен бірге I-REC сертификаттары сияқты өнімдерді қосу арқылы біз компанияларға қаржылық тиімділікті сақтай отырып, олардың экологиялық мақсаттарына жетуге көмектесеміз. Бұл бастама біздің үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес орнықты дамуды ілгерілетуге деген ниетіміздің айғағы», – деді AIX Реттеу және комплеанс жөніндегі директоры.

AIX мүдделі қатысушыларды жаңа сауда сегментіне (Environmental Instrument Market) қосылуға шақырады. Экологиялық құралдармен сауда-саттық жыл соңына қарай басталады,

АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетовтің айтуынша, мұндай құралдар жасыл экономиканың дамуына ықпал етеді.

«АХҚО-да көміртегі кредиттері, офсеттер, I-REC сертификаттары сияқты экологиялық құралдарға арналған нарықтық тетіктердің іске қосылуы табиғи ресурстарды сақтауға және өмір сапасын жақсартуға көмектесетін жаңартылатын энергия көздері мен инновациялық технологияларға инвестициялар салуды ынталандыру арқылы «жасыл» экономиканың дамуына ықпал етеді», – дейді ол.

Қазақстанда I-REC сертификаттарымен алғашқы сауда 2022 жылы жүзеге асқан. ECOJER қауымдастығы нарыққа жасыл сертификаттарын шығарып, оны «ҚазМұнайГаз» компаниясы сатып алған.

Елордада «Astana Finance Days» (AFD2024) конференциясы екінші күн жалғасып жатыр. Бұл бүкіл Еуразия өңірінің қаржы саласының қазіргі заманғы проблемаларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылауға арналған диалог алаңы.

Форумға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүйлеменов те қатысқан. Ұлттық банк басшысы макроэкономикалық ахуалда Қазақстанды не күтіп тұрғанын айтып, өз болжамымен бөлісті.

Сондай-ақ оқыңыз