Бірінші кредиттік бюро басшысы қаржы ұйымдарының несие портфеліндегі ескі бизнес қарыздарды қайта құрылымдауды ұсынды
Кәсіпорын жабылып қалғанына қарамастан, банктердің кредиттік портфелінде қалған ескі несиелерді қайта құрылымдау керек. Алматыда өтіп жатқан»Fcbk 2024: empowering business» форумы барысында Бірінші кредиттік бюро басшысы Руслан Омаров осындай ұсынысын жеткізді.
«Несие портфелінің сапасы – NPL (банк портфеліндегі несиелік келісімнің талаптары орындалмаған несиелер көлемі) өсіп келеді және бұл жерде қандай да бір шара қолдану керек шығар. Атап айтқанда, ескі несиелерді қайта құрылымдау керек», – деді Руслан Омаров.
Қайта құрылымдау – бұл несиені өтеу бойынша қиындықтар туындаған кезде, оның шарттарын өзгерту рәсімі.
Бұл ретте Омаров несие бойынша кейінгі мәліметтермен бөлісті. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, кәсіпкерлік несие мен бөлшек кредит нарығының жалпы көлемі 48,2 трлн теңгені құрады. Оның 26,6 трлн теңгесі бизнес, ал 21 трлн теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Яғни 55% және 45%.
Жалпы Қазақстанда 525 мың шағын, 6 мың орта, 2000 ірі бизнес нысаны тіркелген.
«Бір қызығы, 31 мың шағын, 1 мың орта және 573 ірі кәсіпкерлік субъектілері ғана несие алған. Бұл нені білдіреді? Кәсіпкерлер несиелік қаражатты пайдаланбайды. Ол мұны қаламағаны емес, мүмкін несие алу қиын шығар», – деп атап өтті Омаров.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізуді тапсырды. Қазір бұл көрсеткіш – 7% шамасында.