Қазақстанда стрестік активтерді сатуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Fcbk 2024: empowering business» форумында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Цифрлық платформаларды енгізу стрестік активтер нарығындағы ашықтықты арттыруға, әділ баға белгілеуге және инвесторлардың нарыққа қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. 2024 жылдың маусым айында тиісті заңнамалық түзетулер қабылданды», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, Бірінші кредиттік бюроның бастамасымен транзакцияларды пилоттық режимде жүзеге асыратын цифрлық платформаның алғашқы прототипі әзірленген.
«Біз осы жылдың қараша айында цифрлық платформада толыққанды сауданы іске қосамыз деп отырмыз», – деді Әбілқасымова.
Айта кету керек, стрестік активтер – негізінен екінші деңгейлі банктер балансындағы, проблемалық несиелер қорындағы және стрестік активтерді басқару ұйымдарындағы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік объектілер мен жабдықтар түріндегі проблемалық несие мен өндіріп алынған мүліктер.
Стрестік активтердің 4 түрі бар:
- 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер;
- қайта құрылымдалған несиелер;
- қайтарып алынған мүлік;
- банктің еншілес ұйымдарының стрестік активтері.
Еске сала кетсек, елде мұндай қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салу ұсынылған. Сала сарапшыларының пікірінше, бұл шектеу коллекторлық институтты дамытуды тежеуі, сонымен бірге стрестік активтер нарығының да дамуын тежеп тастауы әбден мүмкін.