Авто

Қазақстанда Hyundai Tucson көлігінің жаңартылған нұсқасы сатылымға шықты

Hyundai Tucson көлігінің жаңа нұсқасы / фото: hyundai.kz

Жаңартылған Hyundai Tucson моделі Қазақстандағы барлық ресми дилерлік орталықта сатылымға шықты деп хабарлайды Hyundai компаниясының баспасөз қызметі.

Компанияның хабарлауынша, жаңартылған Hyundai Tucson спорттық нұсқасы эксклюзивті дизайнға ие болды. Радиатор торының ерекше үлгісі, он тоғыз дюймдік жеңіл дөңгелек дискілері мен ішкі салоны жаңартылды.

Жаңартылған Tucson салоны премиум материалдармен қапталған. Кроссоверде артқы орындықтарды қашықтан жатқызу функциясы пайда болды. 2024 жылғы модель Hyundai SmartSense қауіпсіздік жүйесінің соңғы кешенімен жабдықталған. Сонымен қатар қиылыс пен бұрылыстардан өтуге арналған көмек функциясы, тұрақ радарлары, сондай-ақ қозғалыс жолағын ұстап тұруға көмекші жабдықталған.

Tucson көлігінің модельдері жаңа түсте шықты. Енді Ultimate Red Metallic (қызыл), Pine Green Matte (матовый жасыл), Cypress Green (жасыл) және Sailing Blue (көк) түсті модельдері ұсынылып отыр.

Жаңа Hyundai моделінің бағасы жиынтық пен опцияларына байланысты 14,3 миллион теңгеден басталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ең көп сатылған үздік – 10 автомобильдер туралы жазған едік. Маусым айында ең көп сатылған үздік – 10 автомобильдердің арасында Hyundai болды (3 522 бірлік: былтырғы маусыммен салыстырғанда -16,6% жоғары) бірінші тұр.

Маусымда аса танымал болған модельдер тізімінде Hyundai Tucson (1 884) көш бастаған еді. Екінші орын Chevrolet Cobalt-қа (1 440 бірлік) бұйырса, үздік үштікті жаңарған Kia Sorento (904 бірлік) түйіндеді.