Жаңалықтар

«Халыққа қандай әлеуметтік инфрақұрылым керек екенін ешкім ойламаған»: Досаев бұрынғы әкімдердің қателіктері туралы айтты

Досаев бұрынғы әкімдердің қала құрылысын жүргізгенде қандай қателік жібергенін айтты / Фото: Алматы әкімідігі; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының халқымен кездесу барысында қаланы басқарған бұрынғы әкімдердің жұмысын сынға алды. Айтуынша, бұрынғылар қала құрылысын жүргізгенде6 әлеуметтік инфрақұрылым мәселесіне ден қоймаған.

Бостандық ауданының тұрғыны «Mega» сауда орталығының маңайында қалыптасқан жағдай туралы баяндады. Қала тұрғынының айтуынша,бұл маңда жаңадан Diamond көп пәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Шамамен 500-700 пәтер пайдалануға берілмек. Дәл сауда орталығына қарама-қарсы тұрған бұл үйлерге тұрғындар кеп орналасқан соң, бұл маңайдың жағдайы күрделене түсуі мүмкін.

«Кешен әлі пайдалануға берілген жоқ. Бірақ қазірдің өзінде бұл маңда жағдай аса күрделі. Қаз-қатар тізілген тұрғын үй көп. Адам көп, сәйкесінше көлік те көп. Оның үстіне бұл жақтағы көшелердің жүктемесінің қандай екенін өзіңіз де білесіз. Алматының ауасы лас. Бір мезетте осыншама көлік кептелісте тұрғанда, бұл жердің ауасы тіпті нашарлап кетеді. Ал 700 пәтер пайдалануға берілгеннен кейін жағдай не болмақ? Қаланың көшелеріне қандай салмақ түсетінін бағамдай беріңіз. Алматыда туризмді дамыту керек деп жатыр. Бұл маңда туристер көп жүреді. Сонда олар нені тамашалауы керек? Жан-жағында қаптап тұрған тұрғын үйлерге қарау үшін келе ме? Не бақ жоқ, не сквер жоқ», – деді тұрғын.

Сонымен бірге тұрғын бұл шағын ауданда су мен электр энергиясына қатысты қиындақтар бар екенін атап өтті. Айтуынша, су мен жарық жиі өшіп тұрады. Мұны да ол инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуымен түсіндірді.

Осы орайда Ерболат Досаев бастапқыда бұл маңның әлеуметтік инфрақұрлымын ешкімнің ескермегенін, бұрынғы қателіктерді қазір түзетуге тырысып жатқанын айтты. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін әкімдік бұл маңнан біраз жерлерді сатып алып, мектеп пен емхана салуға кіріскен.

«Расымен, бұл жерде үйлер көп. Десе де бүгінгі күні осы мәселені шетінен реттей бастадық. Мәселен, Қожамқұлов жақтан әкімдік жер сатып алып, емхана салып жатыр. Ал төмен жақ, қорған маңынан BI Group-тің жерін алдық. Ол жер паркке айналады. Одан бөлек сол маңда жайлы мектеп бой көтерді. Жақында пайдалануға береміз»,– деді шаһар басшысы.

Әкім бұл маңда басында, құрылысқа рұқсат берілген кезде, әлеуметтік инфрақұрылымға ешкімнің ден қоймағанын айтады.

«Өкінішке қарай, халыққа қандай әлеуметтік инфрақұрылым керек екенін ешкім ескермеген. Алдында оны ешкім ойламаған және дым істемеген. Біз сол кемшіліктерді орнына келтіріп, жерлерді қайтарып, мүмкіндігіміз жеткенше түзеуге тырысып жатырмыз. Mega-ның алдындағы бос жатқан жерге парк саламыз. Үстіңгі жағы жайлы мектеп, төменгі жағы 3,5 гектар үлкен парк болады. Солайша ол жақтың инфрақұрылымы біраз реттеледі. Ағаштар егіп, экологиясын да жақсартамыз. Бұл жер балалармен серуендеуге жайлы орын болады», – деді әкім.

Еске ала кетсек, Ерболат Досаевқа қала тұрғыны асық ойнауды ұсынған еді. «Есімов велосипедке отырды, сіз асық ойнаңыз»,- деді қала тұрғыны. Әкім бұл орайда, қалада ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қойылып жатқанын жеткізген еді.