ОПЕК+: сегіз ел мұнай көлемін арттыруды тағы екі айға шегерді

Жарияланды
ОПЕК+ келісіміне сәйкес 8 ел мұнай көлемін арттыруды екі ай кейін бастайды / Фото: kursiv.media

ОПЕК+ келісіміне сәйкес Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері мұнай көлемін ерікті қысқартуды 2 айға дейін ұзартқан. Бұл жайлы ОПЕК-тің ресми сайтында жарияланған.

Негізінен ОПЕК+ шектеулері алынып, қазан айынан бастап, кезең-кезеңімен мұнай көлемін арттыра бастауы керек болған. Бірақ ұйымға кіретін мемлекеттер шектеулерді тағы екі айға ұзартуға келісіп, мұнай көлемін арттыру мерзімін 2024 жылдың желтоқсанына дейін шегерген.

Сонымен бірге ОПЕК хабарламасында Қазақстан мен Ирактың 2024 жылдың қаңтарында келісілген көлемнен мұнайды артық өндіргені айтылған. Келіссөздер барысында екі ел мұнай көлемін қысқартуға қатысты міндеттемелерін орындауға келіскен.

«ОПЕК+ шешімі негізінде сегіз қатысушы ел тәулігіне 2,2 миллион баррель мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту мерзімін екі айға 2024 жылдың қараша айының соңына дейін ұзартуға келісті. Содан кейін бұл шектеулер алынып, кезең-кезеңімен мұнай көлемін арттыра бастайды»,- делінген ОПЕК хабарламасында.

Ал мұнайды артық өндірген Қазақстан мен Ирак сынды елдер 2025 жылдың қыркүйегіне дейін артық өндірілген көлемді толығымен өтеуге міндетті.

Айта кетейік ҚР Энергетика министрлігі Қазақстанның ОПЕК+ келісімі бойынша өз міндеттемелерін орындауға күш салатынын хабарлады.

«Қазақстан ОПЕК+ келісімін ұстанып, өз міндеттемелерін толық орындау және ОПЕК Хатшылығына ұсынылған өтемақы жоспарын орындау бойынша шаралар қабылдауда», – деп мәлімдеді ведмство.

Сондай-ақ оқыңыз