«Отау» және «Наурыз» ипотекасы бойынша қосымша өтінім қабылдау басталады: бағдарлама шарттары қалай өзгереді?
Қыркүйектің 16-сы күні «Отау» және «Наурыз» ипотекасына қосымша өтінім қабылдау басталады. Өтінім қабылдау 25 қыркүйек күні аяқталады.
Бұл ипотекалық бағдарламаларға «Отбасы Банк» өзгеріс енгізбекші. Атап айтқанда, оператор «Отау» бағдарламасының шарттары мен «Наурыз» бағдарламасының шарттарын теңестірмекші.
Солайша банк бағдарлама шарттарына келесідей өзгерістер енгізбек:
- Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін «Отау» бағдарламасының мөлшерлемесі 9%-дан 7%-ға дейін төмендейді.
- «Отау» бағдарламасының қатысушылары өтініш берердің алдында депозит аша алады. Бұрын бағдарламаға өтініш беру үшін, алдын ала депозит ашып, 1,5 жыл бойы қаражат жинау талап етілетін.
- Несие сомасы артады. Астана қаласы үшін 36 млн, Алматы қаласы үшін 30 млн теңге. Бұрын бұл сома Астана үшін 30 млн, Алматы үшін 18 млн теңгені құраған.
- Алматы мен Астанадан пәтер алатындарға қойылатын тіркеу талабы алынып тасталады.
Сонымен бірге бірыңғай балдық есеп жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес, депозит бойынша сыйақы сомасына әр 1000 теңге үшін 1 ұпай жазылады. Ал некеде тіркелген болса, 5 ұпай, балалары болса, қосымша 10 ұпай беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесі үшін тағы 10 ұпай қарастырылған. Сондай-ақ жасы 35-ке дейінгі азаматтарға 5 ұпай қосылады.
«Отау» және «Наурыз» ипотекасы осы жылы іске қосылды. Бұл бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың және кәмелетке толған балаларының 5 жыл қатарынан жеке баспанасы болмауы керек. Үйге әлеуметтік кезекте тұрғандар үшін ипотека мөлшерлемесі 7%-ды құрайды, қалғандары үшін – 9%. Ал алғашқы жарна 20%-ды құрайды. Ипотекаға ниетті азаматтардың шотында 1 млн теңге жинақталған депозиті болуы шарт. Бұл бағдарлама бойынша жаңа баспана мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға болады.
«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасымен баспана алу шарттарымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
1 мамырда іске қосылады деп жоспарланған «Наурыз» жаңа ипотекасы бес күн ерте басталғаны туралы «Курсив» жазған болатын.
Бұл жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылатынын Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Сонымен бірге ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды.