ERG компаниясының қызметін тоқтатқан еншілесі Британ сотында жеңіске жеткенін хабарлады

Жарияланды
ERG компаниясының еншілесі Британия сотында жеңіске жетті/ erg.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

ENRC пен Ұлыбританияның Экономикалық қылмыстарға қарсы қызметі (Serious Fraud Office – SFO), Dechert заңгерлерлік фирмасы және бұрынғы серіктес Нил Джеррард арасында ұзаққа созылған текетірес аяқталуға жақын қалды. ENRC-тің хабарлауынша, Англия мен Уэльстің аппелляциялық соты төменгі сатыдағы Жоғары соттың шешімдерінің «заңды» және «негізді» екенін растаған.  

«Eurasian Resources Group-тың еншілес компаниясы Eurasian Natural Resources Corporation Limited (ENRC) Ұлыбританияның Экономикалық қылмыстарға қарсы қызметі (Serious Fraud Office – SFO), Dechert заңгерлерлік фирмасы және бұрынғы серіктес Нил Джеррардқа қарсы ұзаққа созылған сот текетіресінде жеңіске жетіп жатыр», – деп мәлімдеді компания.  

Осы аптада Англия мен Уэльстің аппелляциялық соты Жоғары соттың шешімін заңды деп тапқан. Бұл сот та SFO лауазымды тұлғаларының әрекеті «заңға қайшы», ENRC-ке қатысты қылмыстық тергеу «заңсыз ашылған» деген тұжырым шығарған.

«2022 мамыр айында Жоғары сот судьясы Ваксман мырза Біріккен корольдік тәжірибесінде теңдессіз шешім қабылдады. Dechert халықаралық заңгерлерлік фирмасының серіктесі Нил Джеррард пен SFO лауазымды тұлғаларының әрекетін «адам естімеген» және «адам айтқысыз» деп таныды», – делінген хабарламада.

Соттың тұжырымы бойынша, SFO бұрынғы директор Ричард Олдерменді қоса алғанда, бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалары ENRC-ке қатысты «жосықсыз» әрекет жасаған. Dechert халықаралық заңгерлерлік фирмасының серіктесі Нил Джеррард өз клиенті ENRC-тің мүддесіне нұқсан келтіре отырып және міндеттемесін өрескел бұза отырып, бірнеше мәрте және саналы түрде заң бұзған.  

Хабарламада оның адвокаттық құпия арқылы қорғалатын құпия ақпараттарды жайғаны айтылады. Dechert компаниясы көрсететін қызметтер көлемін арттыруға ұмтылып, ENRC-ке жүйелі түрде бұрыс заңгерлік кеңес беріп келген көрінеді. Судья Ваксман SFO мен өзара іс қимылға қатысты Dechert әдісін сынға алған.

2023 жылғы желтоқсан айындағы Жоғары соттың шешімі бойынша ENRC-ке қатысты қылмыстық тергеу тоқтатылып отыр. 2024 жылы SFO, Dechert пен Нил Джеррард алғашқы инстанция шешіміне қарсы талап-арыз берген. Бірақ аппелляциялық сот жауапкерлердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Аппеляциялық сот судья Ваксманның шешімін өзгеріссіз қалдырып, ENRC шығындарын SFO пен Dechert-тен өндіруді қолдаған. Сот қайта қаралымында қылмыстық тергеуге байланысты компанияның шығындарын өтеу мәселесі қаралады.

Компания өтемақы ретінде SFO-дан 70 млн фунт стерлинг, ал Нил Джеррардтан 100 млн фунт стерлинг талап етіп отыр.

Сондай-ақ ENRC осы іс жөнінде мақала жазған бірқатар журналистермен, кітап шығарған баспа үйлерімен және авторлармен де соттасқан. Компания пара берді деген тұжырыммен мүлде келіспейді.  

Істің мән-жайына келсек, Ұлыбританияның Экономикалық қылмыстарға қарсы қызметі аталған компанияға «2009- 2012 жылдар аралығында Конго Демократиялық Республикасында пайдалы тау-кен келісімшарттарына оңай қол жеткізу үшін пара берген» деген күдік келтірген. Содан ENRC-ге қарсы тергеу 2013 жылдың сәуірінде басталған болатын.

ERG еншілесі

ENRC-тің негізін қалаушылар – Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев. Сондай-ақ Қазақстан үкіметінің үлесі бар. 2013 жылдың аяғында аталған тұлғаларға ENRC акцияларының 53,88%-ы тиесілі болды. Биржалардан кеткенге дейін компанияның нарықтық капитализациясы 3 млрд фунт стерлинг болды.

Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласында жетекші топ. Штаб пәтері Люксембургте орналасқан. Әлемнің 16 елінде жұмыс істейді. Қазақстанда «Қазхром», «Соколов-Сарбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Қазақстан алюминийі, электролиз зауыты, Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы, «Шұбаркөл», «ТрансКом» және тағы да басқа активтерге иелік етеді.

ERG қожайындарына келсек, )аржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы (марқұм Алиджан Ибрагимовтың жұбайы Мукадасхан Ибрагимова және төрт ұлы Достан, Даврон, Шухрат и Фурхат) – әрқайысы 20,7%-дан, Патох Шодиев – 18,6%.

Еуразиялық үштік Қазақстаннан шыққан алғашқы миллиардерлер болды.  Кейіннен Александр Машкевич – Израиль, Патох Шодиев Бельгия азаматтығын алды.

Forbes рейтингі бойынша, Александр Машкевич Қазақстандағы ықпалды бизнесмендердің ішінде бесінші, ең бай израильдіктердің ішінде алтыншы орыннан көрініп отыр. Оның байлығы – 3,7 млрд доллар.

Сондай-ақ оқыңыз