Тоқмади соты тағы да кейінге қалды

Жарияланды
Архив Kursiv.media

Алматы облыстық соты банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған Мұқтархан Тоқмадиді мерзімімен бұрын бостандыққа шығару туралы шешімге қарсы жәбірленуші тараптың аппелляциялық шағымын қарау бойынша отырысты тағы да кейінге шегерді. Судья прокурордың пікірін 12  қыркүйек күні тыңдауды ұйғарды.

Бұл жолы сот отырысына жазасын өтеп жатқан Мұқтархан Тоқмадидің өзі қатысты. Адвокаттары да, өзі де мерзімен бұрын босатылған адамның одан кейін де жазасын өтейтініне баса назар аударды. Яғни, Конституциялық құқықтарын шектеледі. Тұрған жерінен, елден кете алмайды.

Тоқмади бес жыл бойы жақындарымен кездесе алмағанын түрмеде көрген қысымның бір түрі ретінде бағалады. Өзін азаптағандардың көбі Қаңтар оқиғасында адамдарды қинау, зорлық көрсету бойынша істі болып жатқанын алға тартты.

Жәбірленуші тарап сот ісінде, заңда көрсетілгендей, оның бостандықта қайда тұратыны, қайда жұмыс істейтіні секілді дүниелердің көрсетілмегеніне назар аударды. Тоқмади жәбірленуші тараптар дәйектерін «тырнақ астынан кір іздеу» деп бағалады.

 «Он үш жыл бойы құқық қорғау органдарыныны назарында болдым. Егер қашқаным рас болса, менің үстімнен қылмыстық іс қозғалар еді. Қонаев соты заң талаптарына сай шешім шығарды. Ол өзгеріссіз қалсын. Тырнақтың астынан кір іздеп…. Менің отбасым, үйім бар. Отбасымның бизнесі бар. Тұратын жерім бар. Жұмыс та табылады», – деді Тоқмади.

«Жасаған қылмысыңызға өкінесіз бе?» деген прокурордың сауалына ол:

«Тәтішов жақын досым болды. Мен оның өліміне жол бергенім үшін өкінемін. Сот шешімі бойынша кінәлі деп танылдым. Жиырма жыл өтті. Ұзақ жылдар бойын Тәтішов отбасымен кездескім келді. Бұған Еркін Тәтішов қарсы тұрды. Ол отбасына жолатпады. Он үш жыл бойы Тәтішовтің моласына барып тұрдым», – деді Тоқмади.

Ержанның анасынан кешіріп сұрағанын, бірақ шетелге кеткен соң, жұбайынан кешірім сұрай алмағанын айтты.

Ал, жәбірленуші тараптың адвокаттары бірінші инстанцияның Тоқмадиді мерзімінен бұрын босату туралы шешіміне қарсы екенін тағы да алға тартты. Тоқмадиді мерзіміне бұрын босату туралы шешімнің күшін жоюды талап етті. Жәбірленуші тарап Тоқмадидің кінәсін мойындағанынан тағы да баса көрсетті. Біресе, «Әбіләзовтың тапсырмасымен өлтірдім» дегенін, біресе, «қысым көрсетілген соң, осындай куәлік беруге мәжбүр болдым» деп, ақыры сотты сендіргенін айтты.  

Бірінші инстанцияның шешім шыққан кезде, жәбірленуші тарап сотқа шақырылмаған. Объективтілік үшін жәбірленуші тараптың пікірі қажет.

Олар тыңдалым кезінде жәбірленуші тарап 5 қыркүйекте Тоқмадидің түрмедегі тәртібіне қатысты қосымша материалды тіркеуге өтініш білдіргенін жеткізді.

Тоқмадидің адвокаттары болса, іс бойынша үкім болғандықтан, ол өтінішті назарға алмауға шақырды.

Тоқмади мен оның адвокаттарының пікірінше, жәбірленуші тараптың айыптаулары негізсіз. Мерзімінен бұрын босату шешім заң талаптарына қарай шығарылған. Сот оған екі мәрте босату туралы өтінішін қабылдаудан бас тартқанын, тәртібі жақсы болған соң ғана, үшінші мәрте бір жыл өткен соң өтініш беруге мүмкіндік алған. Олардың пікірінше, бірінші инстанция істі жіті қарап, шешім шығарған.

Тоқмадидің адвокаттарының пайымдауынша, заңда көрсетілген талаптарға байланысты оның мерзімінен бұрын шығуға құқығы бар. Жазасын өтеу орындарында тәртіп бұзбаса, мерзімінен бұрын босай алады. Тоқмади заңда көрсетілген талаптардың бәрін толық орындаған. Жәбірленші тарапынан марольдық және материалдық шығынды өтеу туралы шағым болмаған. Ал қалған басқа шығындарды толық өтеген.

Заңға сәйкес, Тоқмади тағайындалған мерзімнің үштен бірін отырып шыққан. Жәбірленуші тараптар жәбірленуші келмеген соң, Қонаев соты отырыстарды кейін шегергенін айтты.

Тоқмадидің адвокаттарының айтуынша, заң бойынша, соттың заңда көрсетілмеген нәрселерді басшылыққа алып, шешім шығаруға құқығы жоқ. Құзырлы органдарға сауал жолдап, Тоқмадидің ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болмағаны немесе басқада аса ауыр қылмыстарға қатысы жоқтығы туралы жауап алған.

Сондай-ақ оқыңыз