Жаңалықтар

«Эмиль» сүт компаниясының басшысы түрмедегі алаяққа алданып, 50 миллион теңге берген

Түрмедегі алаяқ кәсіпкерді алдады/ kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Өскемен соты 27 жастағы алаяқ Әділет Әбдірахмановты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол түрмеде отырып, «Эмиль» сүт компаниясының басшысы Анна Аберленің 50 миллион теңгесін «қалтаға басқан».

Әділет өзін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов деп таныстырып, өңірдегі ірі кәсіпкерлерге телефон соғып, кәсіпкерлерге су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға демеушілік көмек көрсетуді ұсынды.

Іс материалдарына сәйкес, Әбдірахманов алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқанның өзінде колонияда ұялы телефонға қол жеткізген. Сәуір айында ол Аберлге телефон соғып, оны табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетуге арналған бағдарламаға қатысуға шақырды.

«Әбдірахманов басқа облыстарда қаражат жоспарланғаннан көп жиналғанын, Шығыс Қазақстан облысының әкімін қолдау қажеттігін айтты. Қазір көмектесетін болса, жуырда ақша қайтарылатынына сендірді. Сотталушы осы салада жұмыс істейтін адам білетін көптеген мәліметті білген. Ғаламторда мұндай ақпарат жоқ», – делінген сот шешімінде көрсетілген жәбірленушінің түсініктемесінде.

Мамыр айында ол кәсіпкермен тағы да хабарласып, оған мемлекеттік субсидия алу мүмкіндігін пайдалануды ұсынды. Содан кейін демеушілік көмекті қажет ететін жаңа бағдарламаларды ойлап тапқан. Бірақ ақшаны қайтару жайында тіс жармаған. Түрмедегі суайт сөйтіп кәсіпкерді құрыққа түсірген.

Осыдан кейін көңіліне күдік ұялаған Аберле ақша аударуды тоқтатып, Шығыс Қазақстан облысының нақты аудан әкімі Сапановпен байланысқа шығып, одан көмек көрсету бағдарламасының жоқтығын білген.

Сот Әбдірахмановты алаяқтық жасағаны үшін одан бұрын белгіленген 5 жыл жазасына қоса, 8 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті. Қылмыскер қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.