Жаңалықтар

Депутаттар Мәжіліс отырысында уақыт белдеуі мәселесін тағы талқылауды ұсынды

фото kursiv.media

Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында депутаттар өңірлердегі жазғы сапарлары кезінде сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді талқылады. Көп аймақта уақыт белдеуін қайта қарау мәселесі көтерілген. Талқылау нәтижесінде қоғамдық ауқымды ұсынысты ескере отырып, аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдар мен сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен өтетін Мәжілістің алдағы жалпы отырыстарының бірінде қарау туралы шешім қабылданды. Уақыт белдеуі басты назарда болмақ.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге сапары кезінде жиналған халықтың барлық проблемалық мәселесі жүйеленіп, оны шешу үшін Үкіметке жолданатынын атап өтті. Бұл жұмыстың қорытындысы жыл соңында Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде ашық қаралады.

Бірқатар депутат Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындарын толғандырған ең өзекті мәселелердің қатарында UTC+5 уақыт форматына көшу екенін атап өтті. Кездесулер барысында азаматтар депутаттарға дәл осы мәселеге байланысты туындаған қолайсыздықтар туралы көп дәлел келтірді – түн ортасында таң атады, әдеттегіден әлдеқайда ерте қараңғы түседі. Мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне кері әсер етеді.

Бастамашыл азаматтар тобы осы мәселе бойынша тиісті петиция жариялады. Петиция қоғамда қызу талқыға түсті. Жуырда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында бұл мәселені «AMANAT» фракциясының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысынан сайланған бірмандатты депутат Лұқбек Тумашинов көтерді. Алайда, Сауда және интеграция министрінің бұл мәселе үш жылдан кейін қаралады деген жауабын халық қалаулылары жеткіліксіз деп таныды.

Аталған мәселе бойынша депутаттар Лұқбек Тумашинов, Ринат Заитов, Юлия Кучинская, Дәулет Мұқаев, Нұртай Сабильянов, Асхат Аймағамбетов, Дүйсенбай Тұрғанов және өзге де азаматтар пікір білдірді.