Жаңалықтар

Ақтөбе прокурорлары экологиялық рұқсат алмай жұмыс істеген, түрік компаниясына тиесілі кәсіпорынға 3 млрд теңгеге жуық айыппұл салды

Кәсіпорын хром кенін өңдеу кезінде заң бұзушылықтарға жол берген / Фото: kursiv.media 

Ақтөбе прокурорлары бір жыл бойы экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеп, табиғатқа айтарлықтай залал келтірген «Восход Хром» кәсіпорынына 3 млрд теңгеге жуық айыппұл салды.

Ақтөбенің табиғат қорғау прокурорларының мәлімдеуінше, «Восход Хром» ЖШС Хромтау ауданында хром кенін өңдеу кезінде заң бұзушылықтарға жол берген. Нақты айтсақ, кәсіпорын 2022 жылы міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген.

«Тиісінше, осы кезеңдегі барлық эмиссиялар, бұл атмосфераға 52 тоннадан астам ластаушы заттардың шығарындылары (бейорганикалық шаң, 3 валентті хром, магний оксиді және т.б.), сондай-ақ жалпы 395 мың тонна көлемінде орналастырылған ірі кесек және шламды байыту қалдықтары нормативтен жоғары, яғни заңсыз деп танылды»,-  делінген хабарламада.

Нәтижесінде кәсіпорынға экологиялық рұқсатсыз қызметті жүзеге асырғаны үшін 2,9 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Облыстық соттың бірінші және апелляциялық сатылары айыппұлды заңды деп таныды.  

Айта кету керек,  «ВОСХОД ХРОМ» ЖШС басшысы ретінде Электронды үкімет порталында Чакмак Әли Эрджан көрсетілген. Шетелдік компания елімізде 2006 жылғы 26 шілдеде тіркеуден өткен. Құрылтайшылары: Amisos Natural Holding N.V. және Everest Natural Resources Holding B.V. компаниялары.

Қаржы министрлігіне қарасты «Қаржы есептілігінің депозитарийі» сайтында осы аталған екі компанияға тиесілі тағы бір кәсіпорын туралы ақпарат бар. Ол – «Восход-Oriel» ЖШС. Соңғы аталған компанияның 2023 жылғы аудиторлық есебінде Amisos Natural Holding N.V. және Everest Natural Resources Holding B.V. түпкі иесі ретінде Yildirim Holding A.S. («Бас компания») көрсетілген. 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы ақпаратқа сәйкес, бас компанияның түпкілікті иелері Али Риза Йыльдырым мен Юксель Йыльдырым.

Айта кетейік, «ВОСХОД ХРОМ» ЖШС 2023 жылы 16 776 810 054.2 теңге, ал 2024 жылы 4 096 916 312.1 теңге салық төлеген. 2022 жылы 2023 жылдан 38,1%-ға артық яғни 27 млрд теңгеден астам салық төлеген.

Айта кетейік, биыл экология заңнамасын бұзған компанияларға 40 млрд теңгеге 1022 әкімшілік айыппұл салынған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 1331 экология заңнамасын бұзушылық анықталып, нәтижесінде 40 млрд теңгеден астам сомаға 1022 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді.