Қазақстанда мобильді банкингтің күн сайынғы операциялары 360 млрд теңгеге жуықтайды. Visa өкілі қолма-қол ақшасыз төлемдер 99%-ға жететін күн алыс еместігін айтады
Қаржы институттары ұсынған жобалардың арқасында Қазақстан экономикасындағы қолма-қол ақшасыз төлемдер 99%-ға жететін болады. Visa-ның Орталық Азиядағы бизнес дамуы департаментінің аға директоры Антон Бороздин осылай деп мәлімдеді.
Антон Бороздин соңғы жылдары ірі қаржы ұйымдарының жетістіктеріне тоқталды. Соның бірі Freedom Bank-тің Қазақстандағы маңызды топ-8 банктің қатарына енгенін мысалға алды. Банк онлайн-ипотека, онлайн-автонесие және тіпті Freedom Holding Corp акцияларына байланысты инвестициялық валюта сияқты цифрлық өнімдерді сәтті жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Осы орайда «Фридом Банк Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов тұтынушылар үшін жасалып жатқан ірі жобаларды атып өтті.
«Бізде несиелеуге қатысты цифрлық өнімдердің толық желісі бар. Күні кеше ғана ЖШС-ларға арналған цифрлық несиелеу іске қосылды: енді онлайн несиелерді заңды тұлғалар бір күнде бере алады. Қазіргі уақытта тағы бір үздік қызметтердің бірі, қор нарығының қатысушыларына айналуға мүмкіндік беретін өнімдер», – деді Айдос Жұмағұлов.
Айдос Жұмағұлов сондай-ақ несие мәселесіне де назар аударды. Ол цифрландырумен қатар тұтынушылық, жеңіл несиеге де көңіл бөлу керек екенін айтты. Сөзінше, Қазақстанда 8 миллион адам несие өнімдері үшін қарызға кірген. Сауда желілеріндегі маркетингтік тәсіл, тұтынушылардың тауарды бірден сатып алуына емес, бөліп төлеуіне итермелейді.
«Орташа есеппен 18-23 жас аралығында NPL (уақытылы төленбеген несиелер) динамикасы өсуде. Бұл немен байланысты? Егер 18 жастағы азаматтың тұрақты жұмысы болмаса, ол тауарды бөліп төлеуге немесе несиеге алары сөзсіз. Ал 25 жасқа келгенде автонесие алғысы келеді, оны да рәсімдейді. Осылайша 30 жасқа келгенде ипотека рәсімдеуге мүмкіндігі болмай қалады. Біз «7-20-25» бағдарламасының белсенді операторымыз және 35 жасқа дейінгі клиенттердің 80%-дан астамында тұтынушылық несиелер барын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, оларға рәсімдеуге оң шешім келмей жатады. Әрине, қаржылық сауаттылық мәселесі осындайда білінеді», –дейді Жұмағұлов.
Visa-ның Орталық Азиядағы бизнес дамуы департаментінің аға директоры Антон Бороздин Қазақстандағы қаржы институттарының цифрландыру бағытындағы жобалары тез дамып жатқанын атап өтті.
«Менің ойымша, қаржы институттары ұсынған жобалардың арқасында, Қазақстан экономикасындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің 99%-на жетеміз»,– деді ол.
Ұлттық банк ұсынған ақапартқа сүйенсек, биыл бірінші жартыжылдықта интернет пен мобильді банкинг арқылы жасалған операциялардың үлесі 90%-ға жеткен. Күн сайын 359,9 млрд теңгеден асатын сомаға 26,3 млн-нан астам қолма-қол ақшасыз операция жүргізіледі екен. Бұл ретте QR-код арқылы төлем жасауға да сұраныс едуәір артқан. Осы жылы І жартыжылдықта 7,3 трлн теңгеге 1,5 млрд операция жүргізілген.
Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығында «Astana Finance Days» (AFD2024) конференциясы жалғасуда. Бұл бүкіл Еуразия өңірінің қаржы саласының қазіргі заманғы проблемаларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылауға арналған диалог алаңы.