Жаңалықтар

Қарашығанақ кен орында газды кері айдайтын тағы бір компрессор іске қосылды

«Қарашығанақта» тағы бір газ компрессоры іске қосылды / Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Қарашығанақ кен орында газды кері айдайтын тағы бір компрессор іске қосылды. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл – кен орнындағы бесінші компрессор.

Аталмыш жоба – кен орнының инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтудің бір бөлігі. Жаңа компрессор газды қабатқа қайта айдау көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндіру деңгейін ұстап тұруға және кен орны жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың айтуынша, жоба жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталған. Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі – қазақстандық қамту үлесінің 54%-ға жеткізу.

Қазіргі кезде Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнай қорының қалғаны – 2 млрд 745 млн тонна. Оның 80 %-ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі жобаларға тиесілі.

1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) Қазақстан Республикасы мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылы 18 қарашада жасалған. Өнімді игеру туралы келісім кен орнын 2038 жылға дейін пайдалануды көздейді.

Кен орны Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 шақырым жерде орналасқан. 

Shell мен Eni компаниялары – Қарашығанақ жобасының бірлескен операторлары. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» келесі компаниялардың үлесі бар: Eni S.p.A. – 29,25%, Shell Plc – 29,25%, Chevron – 18%, ЛУКОЙЛ – 13,5% және ҚазМұнайГаз – 10%

Қазіргі кезде Қазақстанның Қарашығанақ пен Қашаған операторларына қарсы шағымы халықаралық арбитраждық сотта қаралып жатыр. Бұл жайлы Мәжілістің кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

.