Жаңалықтар

Су бағасы Астана мен Алматыдан екі есе қымбат: Шымкентте әкс-әкімнің меншігіне өтіп кеткен сумен жабдықтау жүйесі мемлекетке қайтарылмақ

Шымкенттің сумен жабдықтау жүйесі мемлекет меншігіне өте ме / Фото: Су ресурстары-маркетинг» ЖШС сайтынан

1998 жылдары Шымкенттің сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жекенің меншігіне өтіп кеткен. Қазір Шымқалада су тарифі Астана және Алматымен салыстырғанда бірнеше есе қымбат. Енді қала билігі стратегиялық маңызы бар нысандарды толық мемлекет меншігіне қайтармақ.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінінің «Курсив» сауалына берген жауабында, әкімдік кезінде жекеге заңсыз берілген жер телімдері мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып жатқаны жазылған.

Жауапқа сәйкес, 1996-1998 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын монополиядан арылту шеңберінде қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылдаған.

Сол кезде қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы: «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы мен «ТрансВиК» автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға берілген. Одан әрі құрылған төрт еншілес кәсіпорын мен қосымша «Бадам-Сайрам» және «Ақбай-Қарасу» су қабылдағыштары да жекешелендіруге берілді.

Ал 1998 жылы жекешелендірілген ұйымдардың құрылтайшылары біртұтас «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-на бірігу туралы шешім қабылдады. Оның бас директоры болып 1995-1997 жылдары Шымкенттің әкімі қызметін атқарған Орман Анарбек Оңғарұлы тағайындалады. Жекешелендірілген соң, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын балансында тек су құбырлары ғана қалған.

Ал 2003 жылы бекітілген Су кодексіне сәйкес, қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар тек мемлекет меншігі саналады, мұндай стратегиялық нысан жекеменшікке берілмеуі тиіс.

Одан бөлек, Шымкентте су бағасы Астана және Алматы қалаларымен салыстырғанда бірнеше есе қымбат. Қала тұрғындары да, кәсіпорындар да су үшін жоғары тарифпен төлейді. Мысалы, Шымкентте тариф шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 1,5 есе арзан, яғни 65 теңге. Ал Алматымен салыстырғанда 2 есе жоғары.

«Шымкентте кәріз тарифтері де қос республикалық маңызы бар қаламен салыстырғанда жоғары. Атап айтқанда, Шымкентте тұрғындар үшін кәріз тарифі 51 теңгеге жуықтаса, Алматыда 2 есе төмен, Астанада шамалас. Ал бюджеттік ұйымдар үшін тариф Шымкентте 415 теңге, Астанада 1,5 есе төмен, яғни 281 теңге. Алматыда 5 есе төмен, 81 теңгені құрайды. Мұндай айырмашылық заңды тұлғаларға арналған тарифте де байқалады. Сонымен қатар, Шымкентте кәріз тарифтері жоғары болғанына қарамастан, тазартудан кейінгі су өзенге ағызуға жарамсыз», – делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындарының сарқынды судың иісіне қатысты шағымы көп. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының өз деңгейінде емес екенін байқатады.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның 2023 жылғы қаржы есебінде компанияның негізгі акционерлері ретінде «Шымкент қаласы әкімдігі» мен С. Анарбек көрсетілген. Әкімдікке компания акцияларының 22,08 %-ы тиесілі болса, С.Анарбек компанияның 45,89%-ын иеленеді. 2022 жылға дейін бұл үлес Шымкентті 1995-1998 жылдары басқарған Анарбек Орманның жұбайы – Урманова Гульнарға тиесілі болған. Одан бөлек, компанияның өндіріс жөніндегі менеждері Р.Шамсутдинов 11,06% үлесті иеленсе, Б.Урмановқа 9% акция тиесілі.

Қазір компания балансында 60,9 млрд теңгеге тең актив бар. Міндеттемелері 31 млрд теңгеге жуық. 2023 жылы 178 млн теңге таза пайда алған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 38 пайызға аз. Алдыңғы жылы компания 240 млн теңгедей таза пайда алған.