Жаңалықтар

Құны 14 млрд теңге: Павлодар облысында ірі сүт-тауарлы фермасы салынып жатыр

Павлодар облысында сут-тауарлы фермасы салынып жатыр / Фото: ашық дереккөздерден

Павлодар облысында 14 млрд теңгеге сүт-тауарлы фермасы салынып жатыр. Жобаны 2023 жылы қолға алған – «Кронос-Павлодар» компаниясы. Аймақтағы ең ірі сүт фермаларының бірі болатын жоба 1892 бас малға арналған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Қазіргі уақытта бұзау ұстау және сауу аймағының құрылысы аяқталған. Бұл фермаға Даниядан 570 бас голштин-фриз тұқымды сиыр әкелінген. Жоба толық іске қосылғанда тәулігіне 50-55 тонна сүт алынбақ.

Министрліктің мәліметі бойынша, облыста 36 сүт фермасы бар. Оның 16-сы ірі және 18 695 бас сиырға арналған. Бір басқа орташа сүт өнімділігі 6 235 кг құрайды.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында облысқа 6 сүт фермасын салу және кеңейтуге 10 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде «Agro Trade PV», «Галицкое», «Уштерек және К» ЖШС-ларымен «Пахарь» шаруа қожалығының төртеуі жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстанда сүт өнімдері өндірісі кеміген. Елде шығарылатын сары май, сүт, сыр, сүзбе сияқты өнімдерді күрт төмендеген.

Қазақстан  сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтің айтуынша, сүт өнімдерінің өндірісі артқан күнде де шикізат жинау дейтін түйткіл шешімін таппай қала береді. Ал «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле екі жыл бойы сары майға субсидия ала алмай жүргенін айтады. Қазақстанмен салыстырғанда субсидия үлесі Ресей мен Беларусьте біршама жоғары. Мамандардың айтуынша, аталған елдерден импорттың көп болуына да осы фактор себепші.

«Айс плюс» сүт компаниясының басшысы Қуаныш Ищановтың айтуынша, отандық кәсіпорындарда шикізат тапшылығы бар. Қазақстанда өндірілген 4 млн тоннаға жуық тауарлық сүт 2,2 млн тонна көлемінде шикізатқа қайта өңдеушілердің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бүгінде өңдеуге тек 1,7 млн тонна тауарлық сүт түседі екен.