Үкімет үйіне кіру құқығынан айырылған журналист Жәния Ұранқаева бұл шешімге шағымданбақ

Жарияланды 7 Қыркүйек 2024 11:01

(жаңартылды 9 Қыркүйек 2024 09:22)
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: Жәния Ұранқаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Үкімет үйіне кіру құқығынан айырылған журналист Жәния Ұранқаева бұл шешімге шағымданбақ. Власть басылымына берген сұхбатында журналист Үкіметтің баспасөз қызметінен ешқандай ескерту алмағанын және бұл шешімге шағымдануды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ұранқаеваның айтуынша, қазіргі баспасөз қызметінің әрекеті жаңа ережелерге қайшы келеді. Себебі бұл ережеде Үкімет Үйіне кіруге тыйым салу қарастырылмаған.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорына берген сұхбатында Жәния Ұранқаева екі апта бұрын баспасөз орталығы екінші қабатқа көшіріліп, БАҚ-қа Үкімет кулуарында жұмыс істеуге мүмкіндік берілмеген кезде, журналистер мұндай ережелерді реттейтін құжатты көрсетуді талап еткендерін жеткізді.

Оған жауап ретінде бұл тыйым «Қызметтік қолдануға арналған» грифі бар объектішілік ережелерде қамтылғандықтан, БАҚ өкілдерінің онымен танысу мүмкіндігі жоқ деген жауап алған.

6 қыркүйек күні Press.kz басылымының журналисі Жәния Ұранқаеваға 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін Үкімет үйіне кіруіне тыйым салынғаны белгілі болды. Оған себеп ретінде журналистің ҚР Үкіметі аппаратының өткізу және объектішілік ережелерін бұзғаны айтылды.

Қазақстан Журналистер одағының мәлімдеуінше, бұған дейін талқыланған журналистерді аккредиттеу туралы жаңа нормаларға қатысты қауіптің ақыры шындыққа айналғанын мәлімдейді. Өйткені журналистер жұмыс барысында кедергілерге тап бола бастады. Жәния Ұранқаева кейсі- соның жарқын мысалы. Осыған ұқсас шектеулер Қазақстан Парламентінде де байқалып жатыр.

«Орын алып отырған жағдай орынсыз және мемлекет пен қоғам арасындағы толыққанды диалогқа нұқсан келтіреді деп санаймыз. Осыған байланысты жағдайды түсіндірулерін және масс-медиа қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан қабылданған журналистерді аккредиттеу туралы ереженің күшін жойып, ең алдымен кәсіби журналистік қауымдастықтың мүддесіне жауап беретін нормалар әзірлеуді ұсынамыз», – деп мәлімдеді Одақ.

Қазақстан Журналистер одағы аталмыш мәселе бойынша мүдделі тараптар диалог алаңын ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз