Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: взвод командирі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінді…
Маңғыстаудағы сарбаз өлімі бойынша Бас әскери прокуратура мәлімдеме жариялады. Ресми хабар бойынша оқиға 7 қыркүйекте сағат 17:10 шамасында болған. Ақтау қаласындағы ҚР ҚМ әскери бөлімдерінің бірінің взвод командирі «Оймаша» полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы жауынгерге оқ атқан. Сарбаз осыдан қайтыс болды.
«Сол күні Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚК 99-бабының 1-бөлігі). Тергеу органы күдіктіні ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен ұстады және Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алды», – деп хабарлады әскери прокуратураның баспасөз қызметі.
Тергеу барысын Бас әскери прокуратура ерекше бақылауға алды. Қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайлар анықталуда. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды.
Ұлының қазасына жаны күйзелген сарбаздың әкесі әлеуметтік желіден бейнеүндеу жариялап, Қорғаныс министрлігінен тексерістің әділ жүруін талап етті.
«Жалғыз ұлымды әскерге жібердім, бірақ мәйіті оралды. Мен Ақтауға барамын. Баламды тапаншамен атып өлтірді. Мұны жазатайым оқиға деп түсіндірді. Офицер тапаншамен ойнап жүрген және қару өздігінен атылған деген себебін айтты. Мен Қорғаныс министрінен оқыс оқиға ретінде назардан тыс қалмауын сұраймын.
Қару ату үшін оқпанға патронды салып, сақтандырғышты алып, шүріппені басу керек. Тапанша ойыншық емес, офицер ойнамаған. Оны қамады дейді. Мүмкін, бұл мәселенің түп төркінін жасырғысы келетін болар. Мен бұл істі егжей-тегжейлі мұқият зерттегенін қалаймын», – дейді.
Ақтау гарнизонындағы 25744-әскери бөлімі сарбазының қайтыс болуына байланысты Қорғаныс министрлігі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Істі Қорғаныс министрі ерекше бақылауына алды. Оның тапсырмасы бойынша министрдің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
«Қайғылы жағдайдың мән-жайлары жан-жақты тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін толық көмек көрсетілу үстінде. Кінәлі тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады. ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Сондай-ақ сарбаздың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Сенбі, 7 қыркүйекте, Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында әскери жиын өткен. Сол уақытта қатардағы жауынгер жараланып, қалалық ауруханаға жеткізілігенше қайтыс болды.