Жаңалықтар

24 адам қайтыс болып, 299 адам жарақат алды: «Яги» тайфуны Вьетнамға жетті

«Яги» тайфуны Вьетнамға жетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Демалыс күндері Вьетнамның солтүстігінде болған «Яги» тайфуны мен одан туындаған көшкіндер мен су тасқындарынан 24 адам қаза тапты және 299 адам жарақат алды деп хабарлайды Reuters.

Шетел басылымның мәліметінше, тайфун Азиядағы биылғы жылдың ең қуатты дауылы болды. Дауыл электр қуаты мен телекоммуникацияларды үзіп, негізінен Куангнинь және Хайфонг аймақтарында ауыр шығынға ұшыратқан.

Дүйсенбі, 9 қыркүйек күні, ауа райын болжау агенттігі су тасқындары мен көшкіндердің ықтималдығы туралы ескерту жасады. Атап айтқанда соңғы 24 сағат ішінде аймақтың бірнеше бөлігінде жауын-шашын мөлшері 208 мм-ден 433 мм-ге (8,2-ден 17,1 дюймге) дейін өзгергенін хабарлады.

«Су тасқындары мен көшкіндер қоршаған ортаны бұзып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр», – деп хабарлады Ұлттық гидрометеорологиялық болжау орталығы өз есебінде.

Орталықтың мәліметінше, су тасқыны қаупі Лангшон, Каобанг, Енбай және Тайнггуен провинцияларында жоғары екендігі айтылған.

Мемлекеттік БАҚ мәліметтеріне сәйкес, құрбандардың арасында Вьетнамның солтүстігіндегі Хоа Бинь провинциясында қатты жауын-шашынның нәтижесінде үйдің қираған төбесінен қаза тапқан төрт адам бір отбасының адамдары еді.

Вьетнамда болған «Яги» тайфуны елдің солтүстік аймақтарына қатты әсер етті. Елдің билігі әлі де су тасқындары мен көшкіндер қаупі бар екенін ескертеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Яги» тайфуны салдарынан Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань аралында екі адам қаза тауып, 92 адам түрлі дәрежедегі жарақат алғаны туралы жазған едік.