Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: инвесторлар АҚШ акцияларынан жылыстап жатыр, Үндістанға ақша құйған дұрыс па, Трамп салықпен сескендіріп отыр

Қор нарығына шолу / REUTERS/Brian Snyder

Кейінгі 12 апта бойы қаражаттың АҚШ акцияларынан ақша жылыстауы рекордтық мәнге жетті. Трамп долларға теріс қарайтын елдерге «100 пайыздық баж салығын» уәде етті. Chery Ұлыбританияда автомобильдер шығаруды жоспарлап отыр. Осы және өзге де тақырыптар туралы демалыс күндеріне арналған шолудан оқыңыз.

АҚШ-тағы қорлар қаражаттың айтарлықтай жылыстағанын байқап отыр

Өткен аптада АҚШ қорлары кейінгі 12 аптадағы ең үлкен апталық шығынға тап болды. Бұл инвесторлардың АҚШ-тың экономикалық әлеуетіне қатысты алаңдаушылығының артуына байланысты. LSEG мәліметтері бойынша, инвесторлар бір апта ішінде 11,73 млрд долларлық америкалық акциялардан құтылған. Бұл бес аптадағы төртінші апталық жылыстау ретінде тіркелді деп жазды Reuters.

Сегменттер бойынша АҚШ-тың қомақты капиталы бар қорлары 4,28 млрд долларлық апта сайынғы таза сатылымды байқады. Бұл үш аптадағы ең үлкен көрсеткіш болып саналады. Шағын және орта қорлар, сондай-ақ бірнеше капиталдандыру түрі бар қорлар да сәйкесінше 1,77 млрд доллар, 1,34 млрд доллар және 667 млн доллар көлеміндегі қаражаттың жылыстауын тіркеді. Технологиялық сектор шамамен 879 млн доллар таза сатылымға кенелді. Бұл алты аптадағы ең үлкен апталық ағын болып саналады. Осы уақытта инвесторлар төртінші апта қатарынан қаржы секторының қорларын сатып алды (418 млн долларға).

Нарықтағы мұндай қозғалыстар АҚШ-тың тамыз айындағы еңбек нарығы туралы деректердің белгісіздігімен түсіндіріледі. Өткен айда елде 142 мың жаңа жұмыс орны ашылды әрі бұл күтілгеннен де төмен болып шықты. Алайда жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендеді. Бұл деректер ФРЖ-ға 18 қыркүйектегі отырыста пайыздық мөлшерлемелерді едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Алайда CME FedWatch құралына сәйкес, 50 базистік пунктке төмендеу ықтималдығы 6 қыркүйекте 23%-ға дейін азайған. Бір күн бұрын 40%-ды құраған еді. Трейдерлер ФРЖ тарапынан баяулау болатынын күтіп отыр деп жазды WSJ. Мөлшерлеменің тек 25 базистік тармаққа төмендеуі нарықтар үшін қиындықтар тудыруы мүмкін.

Үндістанның қор нарығына қол созған дұрыс па?

WSJ Үндістанның қор нарығындағы жағдайды егжей-тегжейлі талдап жатыр. Әлемдегі ең «қызу» нарық Үндістанда екенін атап өткен жөн. MSCI India 2024 жылдың басынан бері 21%-ға өсіп, көптеген негізгі нарықты басып озды. Тіпті 13%-ға өсім көрсеткен S&P 500 индексін де айналып өтті. Жалпы 2019 жылдың соңынан бері Үндістан индексі екі есе өсті.

Инвесторлардың Үндістанға қатысты оптимистік көзқарас ұстануына негіз болатын себептер бар. Жақында ғана баяуласа да, бұл мемлекеттің экономикасы күшті – екінші тоқсанда ЖІӨ жылдық мәнде 6,7%-ға өсті. Бұл пайда өсімін ынталандыруға көмектесті. Morgan Stanley мәліметтері бойынша Sensex индексіндегі компаниялардың таза кірісі екінші тоқсанда жылдық мәнде 9%-ға ұлғайған.

Үндістан Қытай мен Батыс арасындағы геосаяси шиеленістен де пайда көрді. Өйткені батыс компаниялары жеткізу тізбегін әртараптандыруға тырысады. Мысалы, Үндістан америкалық тигхтен, атап айтқанда Apple-ден миллиардтаған инвестиция олжалады.

2023 жылдың басынан бері Үндістан акцияларына шетелдік инвестициялардың таза ағыны шамамен 26 млрд долларды құрады. Алайда Үндістан акцияларына бағытталған ағынның көп бөлігі ішкі инвесторлардан, әсіресе бөлшек саудадан түскен. Инвестқорларға түскен таза ағын тек 2024 жылдың қаңтар-маусымының өзінде 43 млрд долларға тең болды.

IPO-да да серпіліс бар. Dealogic мәліметтері бойынша, биыл Үндістандағы алғашқы орналастыру шамамен 8 млрд долларды құрады. Бұл 2023 жылдың жалпы сомасынан асып түсті. Бұл Үндістанды АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші ірі IPO алаңына айналдырады. Жалпы, Үндістанның қор нарығы ұзақ мерзімді әлеуетті мөлшерлеме болып саналады, дейді басылымдар. Алайда салыстырмалы түрде ең жас саналатын қор нарығындағы жеке инвесторлардың көптігі шетелдік инвесторлар үшін басты тәуекел екенін ұмытпайық. Халықтың көңіл-күйін болжау мүмкін емес және олар түрлі қиындықтар тудыруы мүмкін.

Жоғары кластағы еуропалық тауар өндірушілердің акциялары 240 млрд долларға төмендеді

Жоғары сапалы киім, сөмке және зергерлік бұйымдар шығаратын компаниялардың акциялары құлдырап жатыр. Дегенмен олар жақында америкалық «Таңдаулы жетілік» саналатын технологиялық компанияларға «Еуропаның жауабы» деп есептелінген еді. Құлдырау жалғасуы мүмкін, деп жазды Bloomberg. Өйткені Париждегі, Миландағы және Гонконгтағы қымбат бутиктердің тұрақты тұтынушылары болған бай қытайлықтар ҚХР экономикасының төмендеуіне байланысты тұтыну үлгісін өзгертті.

«Биылғы жыл тұрақсыз әрі ауыр тиіп жатыр. Өйткені бұл шамадан тыс өсуден кейін келген жыл саналады», деді GAM UK Ltd компаниясының инвестициялық менеджері Флавио Середа. Ол пандемиядан кейін тұтынушылардың шектеулерден арылғанын, ақшаны сатып алуға және саяхаттауға жұмсағанын меңзеп отыр. Мұндай жағдай Ұлыбританиядағы әйгілі пальто өндіретін Burberry Group Plc компаниясының Лондондағы FTSE 100 қор индексінен алып тастануына жол ашқанын еске сала кетейік. Оның нарықтық құны өткен жылы 70%-ға төмендеген еді.

Бір жыл бұрын Еуропаның нарықтық капиталдандыру бойынша ең ірі компаниясы болған LVMH Moët Hennessy Louis Vuitton SE екінші орынға түсті. Жалпы алғанда, Goldman Sachs есептегендей, осы сегменттің компаниялары 2024 жылдың наурыз айынан бері 240 млрд доллар көлеміндегі капиталдандырудан айырылды. UBS сарапшысы Зузанна Пуш бұл саладағы құлдырау ұзаққа созылатынын жасырмады.

Трамп долларға теріс қарайтын елдерге «100 пайыздық баж салығын» уәде етті

Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп сенбіде «АҚШ долларын пайдаланудан бас тартуды көздейтін елдерге бұл қадамды қымбатқа түсіруге» уәде берді. «Доллардан бас тартсаңыздар, тауарлар үшін 100 пайыздық тариф төлеуге дайындала беріңіздер», деді ол.

Мәлімдеме – Трамп пен оның экономикалық кеңесшілері арасындағы халықаралық сауданы доллармен емес, басқа валюталармен құрудың жолын іздейтін мемлекеттерді «жазалау тәсілдері» туралы бірнеше айлық талқылаудың нәтижесі. Ұзақ уақыт бойы протекционистік сауда саясатын ұстанған Трамп доллар сегіз жыл бойы «қатаң қоршауда» болғанын айтты, деп еске салды Bloomberg. Қытай, Үндістан, Бразилия, Ресей және Оңтүстік Африка 2023 жылғы саммитте долларсыздандыруды талқылаған болатын.

ХВҚ мәліметтері бойынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ валютасы ресми валюталық есеп айырысулардың 59%-ын құрады, екінші орынға 20%-дық үлеспен Еуро жайғасқан.

Chery Ұлыбританияда автомобильдер шығаруды жоспарлап отыр

Қытайлық Chery автогигантының Ұлыбританиядағы өкілдігінің басшысы Виктор Чжан BBC-ге берген сұхбатында компанияның бұл елде зауыт салу бойынша түпкілікті шешім қабылдауы «уақыттың еншісіндегі мәселе» екенін айтты. Ол Chery Барселонадағы бұрынғы Nissan зауытында Испанияда автомобиль өндірісін ашуға дайындалып жатқанын және еуропалық нарыққа «локализацияланған тәсілді» кеңейтуге бел буғанын хабарлады.

Чжан компанияның экспорты «мемлекеттен әділетсіз субсидиялар» алғанын жоққа шығарды. Тамыз айында Chery ресми түрде Ұлыбританияда өзінің Omoda 5 жол талғамайтын көлігін электр және бензин нұсқаларында сата бастады. Компания 60 дилерлік желіні құрды, 2024 жылдың соңына қарай олардың саны 100-ден асады. Tesla-мен әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісі атағына таласатын BYD Ұлыбританияда ондаған дилерлік орталық ашты. Бұл елдегі қытай маркаларымен сатылған автомобильдердің салыстырмалы түрде аз ғана үлесін құрайды – шамамен 5%.