Инвестициялық табыс есебінен өскен: Ұлттық қорда қанша қаржы бар?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қорда қанша қаржы жиналғаны жайлы есеп жарияланды / Фото bluraz / adobe stock

Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, тамыз айында Ұлттық қорда жиналған ақша айтарлықтай көбейген. Шілде айының соңында қорда жалпы көлемі 29,7 трлн теңге жатса, бір айда қордағы қаражат 7,2% өсіп, 31,8 трлн теңгеге жеткен.

Өткен айда Ұлттық қорға 2,57 триллион теңге түскен. Соның ішінде мұнай компанияларынан түскен салық түсімдері 486 млрд теңгені құраған. Қорға түскен қаржының негізгі бөлігі қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс: жарты жылда 2,53 трлн теңге инвесттабыс түскен. Соның нәтижесінде Ұлттық қорға жыл басынан түскен қаржы 5,4 трлн теңгені құрады.

Тамыз айында Ұлттық қордан 451 млрд теңге жұмсалған. Оның басым бөлігі – республикалық бюджетке бөлінген(450 млрд теңге) нысаналы трансферттер. Ал жыл басынан бері 3,45 трлн теңге жұмсалған. Оның 2 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт болса, 1,45 трлн теңгесі – нысаналы трансферт.

«Ұлтық қордан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға сәйкес, биыл қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансфет қарастырылған. Яғни ел үкіметі 8 айда кепілдендірілген трансфертті толық алып үлгерген. Ал нысаналы трансферт көлемі 2024 жылға 1,6 трлн теңге деп бекітілген болатын. Биылғы нысаналы трансферт көлемі де сарқылуға шақ.

Есесіне Ұлттық қор ақшасына «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу арқылы қосымша қаржы алынып жатыр. Қаңтардан мамырға дейін Ұлттық қордан қомақты сома алынды. Соның нәтижесінде қордағы қаржы 28,6 триллион теңгеге дейін азайды. Мамыр айының өзінде Ұлттық қорға 1,17 трлн теңге түсіп, қордағы қаржыны 29,3 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыз