2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі төмен қалыптасып, 3,2%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің 2024 жылдың тамыз айы бойынша ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында жазылған.
Ел экономикасының өсу қарқыны неліктен бәсеңдеді?
Есепке сүйенсек, экономиканың өсу қарқыны бәсеңдеуі тау-кен өнеркәсібінің дамуының қысқару мен көрсетілетін қызметтер секторындағы өсудің неғұрлым төмен қарқынының нәтижесі.
«Болжамдар бойынша ЖІӨ-нің өсуі 2024 жылы – 3,5-4,5%, 2025 жылы – 5,0-6,0%, 2026 жылы – 4,9-5,9% құрайды», – деп жазылған баяндамада.
Сондай-ақ есепте экономиканың өсіміне қатысты болжам бар. Ол 2025-2026 жылдары тиісінше 5,0-6,0%-ды және 4,9-5,9%-ды құрайды.
«Экономиканың жылдық өсімі 2026 жылдың екінші жартысынан бастап өзінің әлеуетті мәндеріне ұмтыла бастайды», – деп көрсетілген болжамда.
Инфляция бойынша болжам
2024 жылғы бірінші жартыжылдықтағы инфляцияның қазіргі динамикасы Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасуда. Бас банк ақпаратынша, экономика ішіндегі проинфляциялық қысым артты. Әрі тұрғын үй шаруашылығы реформасы шеңберінде тарифтердің өсуі, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық болжамдардың артуы есебінен күшейіп жатыр.
«Қалыпты қатаң ақша-кредит саясатын іске асыру есептеу кезінде ТКҚ пен ЖЖМ бағасының өзгеруі ескерілмейтін базалық инфляция 2026 жылы 5%-ға дейін баяулауына ықпал етеді. Осылайша, инфляция 2024 жылы 7,5-9,5%-ға жетеді. 2025 жылы – 5,5-7,5%, 2026 жылы – 5-7%-ды құрайды», – деп жазылған баяндамада.
Базалық мөлшерлемеге қатысты болжам
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің отырысында 2024-2026 жылдарға арналған базалық мөлшерлеменің барынша ықтимал траекториясын бағалауын ұсынды. Осылайша, 2024 жылдың соңындағы базалық мөлшерлеме – 14,25% болады. Ал 2025 жылы – 11,9%, 2026 жылы – 10% деңгейінде қалыптасуы мүмкін.
Бұған дейін реттеуші 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалуы мүмкін деп хабарлаған. Бұған бірнеше себеп бар. Оның негізгісі – экономикада проинфляциялық қысым күшейген.
2024 жылғы 29 тамызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Жылдық инфляция 2024 жылғы шілдеде 8,6%-ға дейін өсті.