2 қыркүйекте Қырғызстаннан «Ақ Жол» бекеті арқылы Қазақстанға өтіп кетпек болған Дженго деген лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Қадыр Досонов ұсталды. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі хабарлаған.
ҰҚМК хабарлауынша, 2023 жылдың қараша айында Жалал-Абад облысында ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес аясында қылмыстық құрылымдарды анықтау шаралары кең көлемде жүргізілген. Оның үйінен обрез бен оқтар табылған. Бірақ өзі құқық қорғау органдарынан бой тасалап үлгерген болатын.
Қырғыз БАҚ-тарының мәліметінше, Қадырбек Досонов Коля Қырғызбен (Қамшы Көлбаев) тығыз қарым-қатынаста болған. Дженго былтыр қаңтар айында Ош қаласындағы қылмыстық жанжал кезінде ұсталған.
Арнайы операция кезінде Көлбаевтың көзі жойылған соң, жергілікті билік белсенді түрде қылмыс әлеміне қарсы күрес жүргізген. Қырғыз үкіметі елді жемқорлық, қылмыстық және тайпалық топтардың жайлап алғанын мойындаған болатын.
Дженго 1992 жылы Жалал-Абадта туылған. Бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған.