Қазақстандықтар жастарды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы петиция жариялады
К.Аян есімді азамат жастарды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы шығып, Қазақстанда міндетті әскери қызметтің күшін жою туралы петиция жариялады.
Петиция авторының айтуынша, әскерде көбейген жазатайым жағдайлар әлсіз жүйенің салдары. Өз петициясында автор әскерге міндеттеп әкетуді жоюға түрткі болатын себептерді жазған.
«Біріншіден. Әлімжеттік мен қарарға жатпайтын әрекеттер. Қазақстан әскеріндегі қайғылы оқиғалардың бірден бір себебі – қарарда жоқ әлімжеттік мәселесі. Тиісті психологиялық дайындықтан өтпеген жас сарбаздар үлкен әскерлердің қысымы мен зорлығына тап болады. Мұның салдарынан сарбаздың психологиясы бүлініп, тіпті, суицид жасауға бел буады», – деп жазған петиция авторы.
Сонымен қатар петиция авторы міндетті әскерді алып тастап, кәсіби армия жасақтауға шақырған.
«Екіншіден, петиция мәтінінде жазылғандай, сарбаздар әскерге тиісті дайындықсыз барады. Үшіншіден, әскердегі медициналық бақылау мен қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұр», – дейді автор.
Айта кетейік, петиция 2024 жылдың 21 қыркүйегіне дейін талқыланады. Егер ол 50 мың қол жинаса, Қорғаныс министрлігі өтінішті қарауға міндетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін әскер қатарында тағы да оқыс жағдай орын алған еді. Маңғыстаудағы полигонда бір сарбаз мерт болғаны туралы жазған едік.