V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: жамбы атудан алғашқы жүлдегерлер анықталды

Жарияланды 9 Қыркүйек 2024 14:21

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жамбы ату / фото: worldnomadgames.kz

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы жарыс күнінде жамбы ату спортының мажар стилінен жеңімпаздар белгілі болды деп хабарлайды Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі.

Ат спорты түрлері орталығының мәліметінше, жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысты. Спортшылар 11 топқа бөлініп, өз араларынан ең мықтыны анықтады. Жарыс нәтижесі бойынша Франция құрамасының спортшысы Рафаэль Малет Көшпенділер ойындарының алғашқы алтын медаліне ие болды. Күміс жүлдені моңғолиялық спортшы Алтануягу Нэргүй иеленді. Ал қола медальді Франция елінен Гаэтан Бло алды.

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Абзал Тұлыбеков болса үздік бестікке кірді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тұлыбеков өнер көрсетті. Спортшыларымыз бұған дейін әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленген. 

Спортшыларымыз алдағы үш күнде тағы 3 стиль (азия, түрік, қазақ) бойынша бақ сынасатын болады.

«Қазақстан құрамасы былтыр Моңғолияда өткен әлем чемпионатында екінші орын алып, мықтылығын көрсетті. Қазақ стилі бойынша ұтатын шығар. Дүбірлі доданың атмосферасы бізге қатты ұнап жатыр. Бізді тамаша күтіп алды. Астанада өзімізді құрметті қонақ сезініп жатырмыз. Олимпиада ойындарында жүргендейміз», – деді Аллан Ле Галл.

Еске сала кетсек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.

Бұған дейін көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан Өзбекстан құрамасын 16:0 есебімен жеңіп, таңғаларлық сенсация жасағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз