Үкімет басшысы бір ай ішінде Қазақстандағы бүкіл мектептің асханасын тексеруді тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Үкімет асханаларды тексермек / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Маңғыстауда тамақтан уланған оқушылардың жағдайы қайталанбас үшін Премьер-министр Олжас Бектенов бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханаларын тексеруді тапсырды деп хабарлайды Үкімет баспасөз қызметі.

«Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған», – делінген хабарламада.

Үкіметтің мәліметінше, Маңғыстау облысы, Бесшоқы ауылында тамақтан уланған бала саны 460-қа жетті. Оның 83-і ауруханаға жатқызылды, 2 бала жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің барлығы, оның ішінде жансақтау бөліміндегі балалардың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында балалардың улану себептерін тексеруді Үкімет өз бақылауына алып отыр.   

Қазіргі уақытта ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек, соның ішінде психологиялық көмек көрсетіліп отыр. ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәулік бойы штаб жұмыс істейді. №8 мектепте тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылады»-, делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін жексенбі, 8 қыркүйекке дейін Маңғыстауда тамақтан уланған 141 бала медициналық көмекке жүгінгені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз