Қатарлық инвестор Хиуаз Доспанова атындағы Атырау жаңа аэровокзал кешенін 2026 жылы қолданысқа береді. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаевтың Атырау облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Ақпаратқа сәйкес, қатарлық QazAir Investments LLC компаниясы Атырау әуежайындағы жолаушылар терминалының құрылысын 2025 жылдың басында бастайды. Инвестор айлақ аумағындағы инфрақұрылымды толық жаңғырту мен кеңейтуді, сондай-ақ қазіргі әуежай ғимаратын жаңартуды көздеп отыр.
Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, бұл жобаға шамамен 50 млн доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Жалпы аумағы 16 500 шаршы метрді құрайтын аэровокзал 3 жаңа телескопиялық траппен жабдықталатын болады.
«Ғимараттың негізгі келбеті ортағасырлық Сарайшық қаласын еске салатын шығыс мәдениетінің стилінде салынады деп күтілуде. Ғимараттың перронға қарайтын беті витражды терезелермен батыстық стильде минимализм стандартында салынады», –делінген ақпаратта.
Қатарлық инвестор жаңғырту жұмыстарын аяқтаған соң, жолаушылар ағынын қазіргі 800 мың адамнан жылына шамамен 3 млн адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сонымен қатар Атыраудан Еуропа мен Азияның танымал туристік бағыттарына жаңа рейстер ашу көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, Олжас Бектенов Атырау әуежайын сату туралы қаулыға 9 тамыз күні қол қойған болатын.
«Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma A.Ş.» компаниясына «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының өз меншігіндегі акциялар пакетінің 50%-ын, сондай-ақ «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өз меншігіндегі акциялар пакетінің 50%-ын «QazAir Investments LLC» компаниясының пайдасына иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуына рұқсат етілсін», – деп жазылған еді қаулыда.
QazAir Investments LLC 2023 жылдың сәуір айында Дохада (Қатар) тіркелген. Жарғылық капиталы 300 мың долларды құрайды. Ашық деректерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, компания Абрахам Даниэль Данино атты жеке тұлғаның атына рәсімделген.
Ал 1993 жылы құрылған «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалы» қазақ-түрік компаниясы сағатына Атырау әуе терминалына иелік еткен болатын.