Алматы облысы Үлкен Ақсу ауылында сібір күйдіргісін жұқтырғандар саны оннан асты. 9 қыркүйектегі жағдайға байланысты осындай күдікпен 16 адам ауруханаға жатқызылды.
Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Күдіктенген 16 адамның арасында 11 науқастың «сібір күйдіргісін» жұқтырғаны нақтыланды. Тағы төрт адамнан диагноз расталмаған, бір науқастың сынамалары тексеріліп жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта науқастың барлығы да қажетті ем-домын алып жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты.
Дүйсенбі, 9 тамыз күні Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «сібір жарасы» тіркелуіне орай құрылған штабтың отырысын өткізген. Облыс басшысы эпидемия ошағын оқшаулау және санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтуді тапсырған.
Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ұйғыр ауданындағы бұл ауылдың жағдайы толық бақылауға алынған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта аурудың таралуы байқалып отырған жоқ. Дегенмен өңір тұрғындарын сақ болуға шақырды.
Ет пен ет өнімдерін тек тексерілген орындардан сатып алуды және мал бағу кезінде сақтық шараларын ұстануды ұсынды.
Еске сала кетейік, 1 қыркүйекте Үлкен ауылының тұрғындары «сібір жарасын» жұқтырды деген күдік туған болатын. Облыстың баспасөз қызметі Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылдық округінде «сібір күйдіргісін» жұқтырды деген күдік тудырған төрт жағдай тіркелгенін хабарлаған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша инфекция ауру малды сою кезінде жұққан болуы мүмкін«, – деп хабарлаған Алматы облысының әкімдігі.
Ол кезде ауруханаға түскен науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған болатын. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының дерегінше, тері ауруының бұл түрі – кең талаған инфекциялық сырқат. Дегенмен уақтылы ем-дом алған науқастың қалпына келу мүмкіндігі жоғары.
Ал 5 тамыз күні Қостанай облысындағы Приречное ауылында ірі қара малдан «сібір күйдіргісі» табылған болатын. Осыған орай аталған ауыл карантинге жабылған еді.