Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» вьетнамдық Sovico Group компаниясымен тұрақты авиациялық отын өндіру жобасын талқылады

Вьетнамдық компания елде тұрақты авиоотын өндіруге ниетті / Фото: «ҚазМунайГаз»

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен вьетнамдық Sovico Group арасында арнайы топ құрылмақ. Бұл туралы ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов вьетнамдық Sovico Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесуі барысында келісілді. Ақпаратты Ұлттық компанияның баспасөз қызметі таратты.

Еске саламыз, SOVICO Group Qazaq Air әуекомпаниясын сатып алуға ниетті. Аталған кездесуде осы жағдай ескеріліп, вьетнамдық компаниямен тұрақты авиациялық отын өндіру мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар жиында карбонды кредит жобаларына қатысты ынтымақтастыққа ерекше назар аударылыпты. Сондықтан екі компания арасында топ құру көзделіп отыр.

Еске саламыз, «Самұрық-Қазына» қоры конкурстық рәсімдерді айналып өтіп, Qazaq Air әуекомпаниясын SOVICO Group-қа сату туралы шешім қабылдағанын жазған едік.

2023 жылдың тамыз айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапары барысында SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгты қабылдаған болатын. Осы сапар барысында «ҚазМұнайГаз» бен Sovico арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Оған сәйкес, тараптар геологиялық барлау, авиаотын жеткізу, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға уағдаласқан.

Вьетнамдық Sovico Group компаниясы негізі 1990-шы жылдары қаланған, жетекші инвестициялық топ. Ол қаржы, банк ісі, авиация, жылжымайтын мүлік, энергетика және цифрлық трансформация саласында жұмыс істейді.