Жаңалықтар

Министр Шарлапаев айтқан автомобиль креслолары әлі шығарылмаған: зауыт биыл IV тоқсанда ғана іске қосылады

автомобиль креслолары мен шиналар
Шарлапаев мамырда отандық автоөндірушілердің елде автомобиль креслолары мен шиналар шығарып жатқанын айтқан болатын / Фото: autofans.be; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалымға қарсы петиция жарияланған кезде, бұл алым түрінің автоөндірушілер үшін қажет екенін, қазіргі таңда өндірісте оң өзгерістер бар екенін айтқан болатын. Министр отандық өндірушілердің автомобиль креслолары мен шиналар шығарып жатқанын жеткізді. Кейін утильалымға қарсылық білдірген көпшілік Шарлапаев айтқан шиналарды базар мен дүкендерден таппағанын айтты. Осыған орай «Курсив» бұл отандық өнімдерді қандай зауыт және қанша көлемде шығарып жатқанын білу үшін министрлікке сауал жолдаған болатын.

Автокреслолар қайда шығарылады?

Министрліктің хабарлауынша, автомобиль креслоларының өндірісі 2024 жылдың 4-тоқсанында Алматы қаласындағы зауытта басталады. Яғни әлі өндіріс іске қосылмаған.

Бұл зауыт жылына 100 мың автокресло шығаратын болады. Отандық жабдықтар шығарылған соң, Hyundai Trans Kazakhstan автомобильдеріне орнатылады. Автокреслоларды Қазақстанда өндірілетін басқа да автомобиль маркаларына орнатуға болады екен.

«Қазақстанда кабиналар, шиналар мен аккумуляторлар, цилиндрлер блогы және жүк көлік құралдары қозғалтқышының цилиндрлер блогының басы, адаптерлерді тасымалдауға мамандандырылған құрылғылар, жүк көлік құралдарының жетекші көпірінің басты берілістерін қоса алғанда, шанақтардың бөлшектері мен басқа да керек-жарақтар өндіріледі», – делінген жауапта.

Шиналар өндірісі жөнінде

Ал көпшілік автобазарлардан таппай қойған шиналар Қарағанды облысының Саран қаласындағы зауытта шығарылып жатыр. Оларды Қазақстан мен Ресейдің бірлескен зауыты – «KamaTyresKZ» ЖШС өндіреді. Зауыттың жылдық қуаты 3,5 млн шинаны шығаруға жетеді.

Жоба құрылысы 2021 жылғы 5 сәуірінде басталған. Жобаның жалпы құны 228,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 140 млрд теңгесі, янғи 58%-ы тікелей шетелдік инвестордан тартылған.

«Зауытта осы жылдың наурыз айынан бастап жабдықты тестілеу шеңберінде шамамен 43 449 шина өндірілді. Шілде айында 30 мыңға жуық шина шығарылды. Оның 29 мыңға жуығы жеңіл автомобильдерге арналған», – деп хабарлайды министрлік.

Отандық өнім қайда сатылады?

Министрліктің хабарлауынша, аталмыш зауытта қазіргі таңда 1 125 жұмыс орны бар. Зауыт шикізатты, қоспаларды дайындай отырып, «жасыл» шиналар құрастыратын толық циклді зауыт. Бұл зауыт өнімдері Attar брендімен шығарылады.

Отандық шиналардың БҰҰ қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігі туралы Еуропалық технология мен сапаны мақұлдау сертификаты, техникалық регламентке сәйкестік сертификаты бар.

«Өндірістік алаңды сертификаттау сәтті жүргізілді және ISO 9001: 2015 сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты алынды. Осылайша, шиналар мен өнімдерді өндіру технологиясы сертификатталған және халықаралық стандарттардың талаптарына толық сәйкес келеді», – делінген министрлік жауабында.

Министрлік жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар қазіргі уақытта «Эйкос» ЖШС және ALTRA tyres ЖШС дилерлеріне сату үшін жеткізілгенін айтады. Сонымен бірге зауыттың дистрибьюторлармен және автоөндірушілермен өнімдерді алғашқы жеткізуді жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқаны хабарланған. Отандық өнімдер алдағы уақытта Аллюр тобы, Астана Моторс, Kia Qazaqstan, QazTehna, Камаз-Инжиниринг және т. б. компанияларға сату үшін жеткізіледі. Ал бұл өнімдерге бағаны ресми дилерлер белгілейді.

Шарлапаев мәлімдемесі

Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев автомобильге арналған шиналар мен автокөлікке арналған креслолардың елімізде өндіріліп жатқанын 28 мамырда мәлімдеген болатын.

«Елімізде, қазіргі таңда машинау жасау индустриясы енді дамып жатыр. Бүгінгі күні автомобильге арналған орындықтарды, автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналарды, автокөлікке арналған пластиктерді шығарамыз. Одан ары қарай үлкен пластикалық өнімдерді құюға көшеміз»,- деген болатын министр.

Ал автокреслолардың өндірісі бар екенін министр 13 тамызда тағы да растаған. Министрлік басшысы автокреслолар жеке жабдық ретінде сатылмайтынын олардың қазақстандық автокөлікпен бірге дайын күйінде шығатынын айтқан.

«Автокресло жеке жабдық ретінде сатылмайды. Ол көлік ішінде жүреді. Өндіріс бар», – деген болатын министр.

Шиналарды кім шығарып жатыр?

Ал 12 тамыз күні ресейлік «Татнефть» компаниясы Қазақстанда Attar брендімен шина өндіре бастағаны жайлы хабарланды. Компания өкілі Андрей Пантюхов жазғы шиналардың жаппай өндірісі 2024 жылдың маусымында іске қосылғанын мәлімдеді. «KamaTyresKz» ЖШС-ін Ресейдің «Татнефть» компаниясы мен қазақстандық Allur компаниясы бірлесіп ашқан.

Мұның алдында «Татнефть» компаниясына қатысы бар құрылым қазақстандық мұнай өңдеу зауытының акцияларын сатып алатыны туралы ақпарат тараған еді. Онда «Бірінші шина компаниясы» ЖШС «Конденсат» мұнай өңдеу зауытының акционерлеріне әр акциясын 1 283,44 теңгеден сатып алу турлы ұсыныс жасағаны айтылған.

Мұнлағы «Конденсат» компаниясына Энергетика министрлігінің тиымына қарамастан сыртқа бензин экспорттауға рұқсат берілгені жөнінде «Курсив» жазған болатын. Компания есебінде топтың соңғы бақылаушысы ретінде БАӘ-де, Дубайда тіркелген Osprey Investment L.L.C. компаниясы көрсетілген. Ал «Конденсаттың» соңғы бенефициары Dzintars Puzaks есімді азамат. Ол Osprey Investment L.L.C. компаниясына келмес бұрын Ресейдің «Татнефть» компаниясында қызмет еткен.

Ал «Бірінші шина компаниясы» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде де OSPREY INVESTMENT L.L.C компаниясы көрсетілген. Компанияның екінші құрылтайшысы – Чичиенко Наталья Ивановна.