2028 жылға қарай әрбір қазақстандық баспанасын өрттен міндетті түрде сақтандыруы керек болады – ТЖМ тиісті заң жобасы Мәжіліске жіберілгенін айтты
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғын үйді міндетті сақтандыру талабын енгізбекші. Бұл жөнінде министрлікте өткен баспасөз брифингінде ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев айтты.
Министрлік өкілінің айтуынша, өрттен зардап шеккен адамдарға өтемақы қайтару мәселесі қамтылмаған. Соның шешімі ретінде тұрғын үйлерді төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру тетігі ұсынылып отыр.
Тиісті заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберілген. Егер депутаттар бұл жобаны мақұлдаса, министрлік бірінші кезекте ірі сауда нысандарын сақтандыруды көздеп отыр. Ал екінші кезеңде бұл норма барлық қазақстандыққа да міндеттелмек,
«Бүгінде өрт кезінде үшінші тұлғаларға жарақат алғанда немесе қаза тапқандардың отбасына келтірілген зиянды өтеу тетігі жоқ. Сол үшін ірі сауда нысандарының иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу проблемаларды кешенді шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, зардап шеккендер арасында әлеуметтік шиеленістің туындау қаупі төмендейді. Екіншіден, ірі нысандар өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады»,– дейді Ерлан Төрегелдиев.
Сақтандыру арқылы нысандарда өрттен зардап шеккендерге материалдық қолдау көрсетуге мемлекет шығыны жұмсалмайтын болады. Бұл талаптар 2028 жылға қарай қолданысқа енгізілуі мүмкін.
«Төтенше жағдайлар министрлігі барлық нысанды, соның ішінде тұрғын үйлерді де сақтандыруды тетігін қарастырып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 2028 жылға қарай барлық нысан өрттен сақтандырылмақ», – деді министрлік өкілі.
Айта кетсек, қазақстандықтар жер сілкінісінен кейін өмірін емес, тұрғын үйлерін сақтандыруға асыққан. Қазақстанда өмірін ерікті сақтандыратындар деңгейі 0,8% ғана. Мәселен, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 3%, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі – Қытайда – 82%, АҚШ пен Канадада – 54%, Жапонияда – 95%.