Парижде XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Бұл жолғы сайыста Қазақстан 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль алды.
XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі Стад де Франс стадионына 168 делегациядан құралған 4,5 мыңға жуық спортшының қатысуымен өткен.
Паралимпиада ойынының қорытындысына сәйкес, Қазақстан 9 жүлдемен 39-орында тұр. Орта Азия елдері бойынша медаль алған Қазақстан мен Өзбекстан елдері. Бұл ойында Өзбекстан спортшылары өте нәтижелі ойын көрсетті. Олар елге 26 медальмен оралды. Оның 10-ы алтын, 9-ы күміс, 7-і қола. Солайша Орта Азия елдерінің арасында бұл ел медаль бойынша бірінші орында тұр. Ал жалпы медальдар кестесінде 13-орынға шықты. Өкінішке қарай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің спортшылары бұл сайыстан олжасыз қайтқан.
Медальдар кестесінде 94 алтынмен бірінші орында тұрған – Қытай елі. Бұл елдің қоржынында жалпы 220 медаль бар. Екінші орынды 124 медальмен Ұлыбритания иеленген. Оның ішінде 49-ы алтын медаль. Үшінші орында АҚШ тұр. Ол елдің 36 спортшысы алтын иеленген. Медальдардың жалпы саны – 105. Ал 4 және 5-орындарда Нидерланды мен Бразилия тұр.
Көрші ел Ресей бұл ойындарға бейтарап статуста қатысқан. Ресейлік ойыншылар 64 медальға ие болған. Оның 20-сы алтын, 21-і күміс, 23-і қола.
Ал Қазақстанға алтынды пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев пен пара дзюдо бойынша Ақмарал Науатбек әкелді. Күміс жүлдегерлер – нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара жүзу бойынша Нұрдәулет Жұмағали, пара дзюдодан Ерғали Шамей. Ал Дастан Мұқашбеков пара жеңіл атлетикадан, Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан қола жүлде алды.