Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысының №31 түрмесінде тұтқындарды әскерилердің азаптауына қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жайлы Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық іздестіру департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мекемеге әскер кірді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта мекемедегі жағдай тұрақты, колония қалыпты жұмыс істеуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысы Қылмыстық іздестіру басқармасына қарасты Долинка ауылында және Ұлытау ауданында орналасқан №31 мекемеде жоспарлы іздестіру шаралары жүргізілген. Мұндай тінту шаралары қоғамдық бақылау комиссиясы, прокуратура және әскери прокуратура өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылған.
Департамент жедел-іздестіру шаралары колониялардағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркілеу мақсатында жүргізілетінін хабарлады.
Айта кетейік, мұның алдында облыс тұрғынының WhatsApp мессенджерінде Қарағандының Долинка деген ауылында орналасқан №31 түрмеге әскер кіріп, тұтқындардың азапталып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.
«№31 түрмеде балаларды азаптап жатыр. Кеше әскер кірген. Әскер кіргелі балалардың бәрін ұрып-соғып талқандарын шығарып жатыр екен. Бір баланың аяғы сынған, бір бала өз-өзін өртеп жіберген. Қолымызда дәлел бар. Осындай ақпаратты естіген соң, Қарағандыға қарай шығып барамыз»,- делінген әлеуметтік желіде тараған аудио хабарламада.