ШҚО-да әкімдіктердің 1,4 млрд теңгеге заңға қайшы 78 келісімшарт жасағаны анықталып отыр

Жарияланды
1,4 млрд теңгеге 78 заңға қайшы келісімшарт жасалған / Фот: кursiv.media архивінен

Шығыс Қазақстан облысында әкімдіктер төтенше жағдай салдарын жою кезінде мемлекеттік  сатып алу ережесін бұзып, құны 1,4 млрд теңгеге келісімшарт жасасқаны анықталып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мәлімдеді.

«ШҚО прокуратурасының органдары әкімдіктердің бәсекелестік ортаны айналып өтіп, төтенше жағдайлар салдарын жою үшін мемлекеттік сатып алулар туралы жасасқан келісімшарттарының заңдылығын сараптады.  1,4 млрд теңгеге 78 заңға қайшы келісімшарт жасалғаны анықталып отыр»,  – делінген хабарламада.

Қадағалаушы органның айтуынша, аталған келісімшарттарды жасау кезінде төтенше жағдай жарияланбаған. «Бір көзден» тәсілімен келісімшарт жасауға ешқандай негіз болмаған.

«Атап айтқанда, әкімдіктер қар тасу, әкімшілік ғимараттарды жөндеу, көк мұзға қарсы реагенттерді сатып алу және тағы да басқа тауар, жұмыс және қызмет түрлерін сатып алған», – деп отыр прокуратура өкілдері.

Заңнамада көрсетілмеген жағдайда, «бір көзден» тәсілімен мемлекеттік сатып алу үшін лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі кезде заң бұзған әкімдіктер 14 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 2020 жылдан бастап бюджеттің 171 млрд теңгесін үнемдегені туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз