Жаңалықтар

103,1 млрд долларға жетті: Қазақстанның халықаралық резерві үшінші ай қатарынан өсіп жатыр

халықаралық резерв
Қазақстанның халықаралық резерв көлемі қаншаға өсті / Фото: shutterstock.com

Ұлттық банк статистикасына сәйкес, тамызда Қазақстанның таза халықаралық резерві 40,5 млрд долларды құраған. Ал Ұлттық қордағы 62,6 млрд доллар актив пен халықаралық резервті қосқанда, 103,1 млрд долларға жетеді.

Шілде айында бұл көрсеткіш 100,8 млрд доллар болған еді. Тәуелсіз экономист, Tengenomika телеграм-арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин маусым айындағы көрсеткішті (99,3 миллиард доллар) соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш деп атаған. Яғни халықаралық резерв үш ай қатарынан өсім көрсетіп келеді.

Қазақстанның таза халықаралық резервтері [валютадағы жалпы резерв пен міндеттемелер арасындағы айырма] тамызда өткен аймен салыстырғанда 1,97%, ал 2023 жылдың соңымен салыстырғанда 19,6%-ға өсті.

Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 42,6 млрд долларды құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 1,9%, ал жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 18,7%-ға артық.

Еркін айырбасталатын валюталардағы актив көлемі (ЕАВ) 19,2 млрд долларға тең. Ал алтын қоры 2,2% өсіп, 22,4 млрд долларды құрады (жыл басынан бері өсім 20,2% болған). Ұлттық қордың көлемі бір айда 2,36%, ал жыл басынан бері 4,26%-ға өсіп, 2019 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Халықаралық резервтер (алтын-валюта резерві) – ҰБ қарамағындағы және бақылауындағы өтімділігі жоғары шетелдік активтер. Бұл резервтер әдетте шетел валютасын ұстау, арнайы қарыз алу құқығы, ХВҚ-дағы резервтік позиция және монетарлық алтыннан тұрады. Мемлекет оны төлем балансы тапшылығын қаржыландыру, ұлттық валютаның бағамын ұстап тұру, сыртқы мемлекеттік қарызды жабуға пайдаланады. 

2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі алтын сатуда әлемдік көшбасшыға айналған. Былтыр бас банк 57,43 тонна алтын сатып, халықаралық резервтегі алтын көлемін қысқартты. Өзге елдердің Орталық банктері, керісінше, алтын сатып алуды арттырған.

Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, тамыз айында Ұлттық қорда жиналған ақша айтарлықтай көбейген. Шілде айының соңында қорда жалпы көлемі 29,7 трлн теңге жатса, бір айда қордағы қаражат 7,2% өсіп, 31,8 трлн теңгеге жеткен.