Астанада субұрқақ құрылысынан 1 млрд теңге жымқырды деген күдікпен Мәдениет басқармасының экс-басшысы ұсталды
Астана мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер компания өкілдері 1 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Олар салынып біте сала, бұзылып қалған субұрқақтың құрылысынан қаржы жеген. Қаржы мониторингі агенттігі аса ірі көлемде қаржы жымқыру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
ҚМА-ның хабарлауынша, олар 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағы құрылысына байланысты күдікке ілінген. Бұл нысанның құрылысына миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Десе де субұрұқақ қазір жұмыс істемей тұр.
Астана мәдениет басқармасы нысан құрылысын мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз жүргізіпті. Оның жоба-сметалық құжаттамасы болмаған және мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Соның салдарынан субұрқақ 2017 жылдан бері жұмыс істемей, қазір апатты жағдайда тұр. Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
«Күдікті, Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар», – делінген агенттік хабарламасында.
Осы іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылған.
Астана қаласының Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасын 2010-2019 жылдары Болат Мажағұлов басқарған.
Биыл ақпан айында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада 2016 жылы елорда күніне орай салынған бірегей «Күн» субұрқағын бұзып жатқандарын хабарлады. Әкім мұндай шешімнің субұрқақты қалпына келтіру қымбатқа түсетін болған соң қабылданғанын айтты.